БIЗГЕ САЯСАТ ЕМЕС, МАҚТА КЕРЕК

303
0

Жақында «Уақыт» газетiнен Мақтарал ауданының әкiмi С. Тұрбековпен болған сұхбатты оқып шықтым. Осы кiсi туралы соңғы кезде газеттер әртүрлi алыпқашпа сын мақалалар жазып жатыр. Менiң ондай саясатпен шаруам жоқ. Ауылда өсiп, осында өмiр бойы тұрып жатқан жайымыз бар. Кеңес Үкiметi тарағаннан берi айналдырғанымыз – ақ  мақта. Отбасылық пай үлесiмiзге тиген 4 га жерiмiз бар. Құдайлығын айтсам, осы жердiң арқасында төрт перзентiмiздi бағып-қағып, ел қатарлы өмiр сүрiп жатырмыз.

Студенттерiмiздiң оқу ақысын да осы жер көтередi. Олай болса, бiздi асырап отырған жер-ананы күтiп-баптау — адам ретiндегi бiрiншi мiндетiмiз. Мақта туралы әңгiме болса, бей-жай қала алмайтын әдетiм бар. Бiлген-түйгенiмiздi ортаға салып, араласа кетемiн.

Сiздiң газеттен әкiмiмiз Серiк Тұрбековтiң мақта туралы айтқан жерлерiнiң астын сызып оқып шықтым. Қарапайым әрi түсiнiктi екен. Оның айтқандарынан көп нәрсенi байқадым. Бұрын да бiлетiн агрошараларды жаңа қырынан ұқтым. Мысалы, биыл күзде жердi айдамай-ақ, терең қопсытып көрмекшiмiн. Бiраз диқандармен ақылдастым. Осылай еткенде жер қыртысы бүлiнбейдi әрi ылғал ұзақ сақталады екен, бiрақ арам шөптер тез шығатын көрiнедi.

Ал оған қарсы гербицидтер шашамыз, сөйтiп онан да құтылуға болады.

Менi қызықтырғаны — комбайндар туралы әңгiме. Американдықтар ойлап тапқан керемет комбайндар бiзге де жетсе деп армандадым. Құлақ естiгендi көз көретiн заман болды ғой, мүмкiн Серiк бауырымыздың еңбегi арқасында келiп қалар деп сенiп отырмын.

Жылдағыдай емес, жұрт комбайнға биыл жаппай ынта қойды. Кезекке жазылып қойып, оны әлi күнге дейiн күтiп жүргендер жеткiлiктi. Американдық «Джон Дир» маркасы болсын, өзбекстандық «ескiсi» болсын, Беларусь тракторына тiркеп алған «тiркеме-комбайны» болсын таңдап отырар уақыт жоқ. Бұлардың қай-қайсысы да адамның жабайы қол еңбегiн алмастыра алатын тамаша техникалар. С. Тұрбеков мырзаның құлағына алтын сырға әлгi ең соңғы үлгiдегi «зауыт-комбайн» қымбат болып қол жетпей жатса, қазiрше халыққа «тiркеме-комбайн» да жетiп жатыр. Естуiмiзше, «тiркеме-комбайн» 50 мың доллар тұратын көрiнедi. Ал бiз армандап отырған соңғы үлгiдегiсi 500 мың доллар тұрады екен. Мұндай қаржыға 10 «тiркеме-комбайн» алуға болады. Әкiм осы туралы да ойласа екен.

Рас, жоғарыда айтқан комбайндардың қай-қайсысы да мақтаны таза термейдi, алғанынан шашқаны көп. Бәрiбiр қол терiмнен әлдеқайда арзан әрi тиiмдi.

Оған өзiмiз де кiнәлiмiз, себебi көктемде мақтаны келешекте комбайнмен теруге лайықтап еккен жоқпыз ғой. Қазiр диқандар алақандарын ысқылап отыр, бәрi жерлерiн келесi жылы комбайн терiмiне осы бастан дайындамақшы.

Ретi келгенде айта кететiн бiр нәрсе бар. Ол – шаруа қожалықтарын iрiлендiру туралы көп айтылып жүр. Оның пайдалы жақтарын халық бiлмейдi емес, бiледi. Бiрақ оған бармайды, себебi iрiленiп Кеңес кезiнде де, онан кейiн де көрдiк қой. «Аузы күйген үрiп iшедi» демекшi, ондай қадамға есi дұрыс ешбiр адам қадам баспайды. Билiктiң осыны бiлгенi, ескергенi жөн болмақ.

Сейсеп ШӘГIРБАЕВА,

Мақтарал ауданы

Еркiнабад ауылы.