МЕЖЕЛІ МІНДЕТКЕ ЖЕТУ ҮШІН ЖҰМЫС ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Шымкент қаласының республикалық маңызы бар қала мәртебесін алғанына да көп бола қойған жоқ. Сәйкесінше, қалада инженерлік инфрақұрылыммен қамту бойынша өзекті мәселелер баршылық. Дегенмен атқарылып жатқан жұмыстар жайын жоққа шығаруға да болмайды. Мәселен, ағымдағы жылдың аяғына дейін үшінші мегаполисте көгілдір отынмен, сапалы электр қуаты және ауыз сумен қамту көрсеткіші айтарлықтай артады. Межелі міндетке жету мақсатында құрылыс жұмыстарына қыруар қаржы бөлінген. Сәйкесінше, жұмыс сапасы да қатаң бақылауда. Атқарылып жатқан істің мән-жайын шаһар басшысы Мұрат Әйтеновтің өзі қадағалап, тиісті тапсырмалар беріп келе жатыр.
Қазіргі уақытта қалаға қарасты Көкбұлақ елді мекенін инфрақұрылым жүйелерімен қамту жұмыстары жалғасуда. Өз кезегінде, жуырда қала әкімі атқарылып жатқан құрылыс барысын тексерді. Тұрғын алапқа былтыр толық оптика желісі тартылып, интернетпен қамтылған. Сондай-ақ 2021 жылы тұрғындар ауыз су мен жарыққа толықтай қол жеткізді. Ал көгілдір отынмен осы жылдың ІІІ тоқсанында қамтылатын болады. Құрылыс жұмыстары 90 пайызға атқарылған. 2300-ден аса тұрғыны бар Көкбұлақтағы тағы бір мәселе — жолды асфальттау болатын. Қазіргі таңда 9 көшенің бесеуіне тас төселсе, төртеуі асфальтталды. Жалпы былтыр 6 шақырымға шағал тас төселген. Келер жылы Ағыбек ата, Үркінбай ата, Жомарт ата көшелеріне асфальт төселеді. Ал 2024 жылы Маңлай ата мен Жангелді батыр көшелері асфальтталмақ. Қоғамдық көлік мәселесі шешілген. Нақтырағы, №146 және №180 маршруттары қойылған. Бұдан бөлек, былтыр 2, биыл 1 балалар алаңшасы пайдалануға берілді. Тұрғындардың өтініші бойынша осы жылы жалпы ұзындығы 800 метрді құрайтын Есбол қажы көшесі жарықтандырылды. Құрылыс нысандарын аралай жүріп, жергілікті тұрғындармен кездескен әкім басқа да мәселелерге көңіл аударып, оларды шешу бойынша жауапты басқарма басшыларына тапсырмалар жүктеді. Жалпы қала әкімі үшінші мегаполиске қарасты шағынаудандар мен елді мекендерге жиі барып, атқарылып жатқан жұмыстар жайын бақылауда. Бұдан бөлек, жергілікті тұрғындармен жүздесіп, қордаланған мәселелерін тыңдап, қажет шараларды көру бойынша тиісті тапсырмаларды беріп келе жатыр. Бұған дейін қала әкімінің қабылдауына жеке мәселемен жүздеген адам жазылып, ұсыныс-пікірлерін білдірген болатын. Олардың дені шешілді. Ал шешілу кезеңі ұзақ мерзімді қамтитын мәселелер бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда.