ЖАСТАРДЫ ЖАТ ҚЫЛЫҚТАН САҚТАНДЫРУ ҚАЖЕТ

1084
0

Бүгінгі өскелең ұрпақ – ертеңгі елдің тізгінұстары. Сондықтан елімізде жастар арасындағы өзекті мәселелерді шешу мақсатында қыруар іс атқарылып жатыр. Мәселен, оқушылардың бәсекеге қабілетті болуы және сапалы білім алуы үшін мектептердегі орын тапшылығы мәселесі шешімін тауып келеді. Дегенмен материалдық құндылықтарды қамтамасыз етумен мәселенің түбегейлі шешілмейтіні белгілі. Сондықтан да жастар ұйымдары қазіргі уақытта кеселді мәселелерге айналған тақырыптар төңірегінде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келе жатыр.

Бұл тұрғыдан келгенде, Түркістан қаласында жүзеге асып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Мәселен, жуырда Түркістан қаласы Ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің мамандары Төле би жалпы орта мектебінде кездесу өткізді. Кездесу мақсаты — жастар мен жасөспірімдер арасында аутодеструктивті мінез-құлықтың, нашақорлық және құқық бұзушылықтың, темекі мен ішімдікке тәуелділіктің алдын алу. Кездесуге мектеп психологы, Полиция басқармасының қызметкерлері және жоғары сынып оқушылары қатысты. Жиын барысында негізгі тақырыптар төңірегінде құнды кеңестер айтылды. Сала мамандарының пікірінше, мұндай түсіндірме жұмыстарының маңызы айрықша. Өйткені оң мен солы қалыптаспаған мектеп оқушылары түрлі жат қылықтарға білместіктен, қызығушылықтан барып жатады. Асылында оның артында қылмысқа бастайтын түрлі әрекеттер жатқанын біле бермейді. Атап айтқанда, ішімдікке құмарлық, шылым шегу жат қылықтармен оқушылар мектеп қабырғасында танысады. Бастапқыда қызығушылықпен басталған әдеттің соңы тәуелділікке ұрындырады. Ал ащы суға сылқия тойып алғандар болашақта қылмысқа бейім болуы бек мүмкін. Сондықтан мұндай кездесулер мен ақпараттық насихаттың орны айрықша. Осы және өзге де мәселелер қозғалған жиын барысында оқушылар өздерін мазалаған сауалдарды спикерлерге қойып, нақты жауабын алды.

Тақырыпқа тұздық ретінде айта кетсек, 2024 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша Қазақстанда 90 496 адам ішімдікке тәуелді ретінде наркологиялық тізімге енген. Оның ішінде 14 жастағы 8 бала мен 14-17 жас аралығындағы 108 жасөспірім бар. Саралай қарасақ, биылғы нәтижелердің былтырғы көрсеткіштен қатты айырмашылығы жоқ. 2023 жылы да шамамен 89-90 мың адам болды. Яғни, төмендеу де, көбею де тіркелмеді. Осы тұста мамандар алкоголизммен күрестің екі деңгейі барын алға тартады. Біріншісі – кең көлемде ақпараттық насихат жұмыстарын жүргізу болса, екіншісі – ішімдікке тәуелділермен профилактикалық жұмыстарды атқару. Қазіргі уақытта ресми тіркелген ащы суға тәуелді жастардың саны аз болғандықтан, алғашқы тәсілге айрықша көңіл бөлініп отыр. Айта кету керек, бұл Түркістан қаласында қолға алынып отырған алғашқы шара емес. Бұған дейін де аталған бағыттағы жемісті жұмыстар жайын тарқата баяндаған едік.