ШЫМКЕНТ: ҚЫС МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ ҚЫЗУ ЖҮРУДЕ

Қыс мезгілі жақындап келе жатыр. Осындайда көпті жылу маусымына дайындық жұмыстарының жай-жапсары қызықтыратыны белгілі. Баса айтқымыз келетіні, уайымдауға еш негіз жоқ. Себебі «3-Энергоорталық» АҚ-дағы 2 турбина, 3 қазандық ағымдағы, транформаторлар күрделі жөндеуден өтті. Қалған 3 бойлерді күрделі жөндеу 82 пайызға, қосалқы жабдықтарды ағымдағы жөндеуі 95 пайызға орындалып, қалған жұмыстар 10 күн ішінде аяқталады. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен өткен кезекті жиында айтылды.

Толығырақ тоқталар болсақ, қаладағы «Қуатжылуорталық-3» МКК-ға қарасты 15 жылу қазандықтың 13-і қыс маусымына дайын. Қалған 2 қазандық дайындық үстінде. 17 сорғы стансалардан 15-і дайын, қалған екеуінде дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жылу жүйелерінің тозу деңгейін төмендету мақсатында 19,4 шақырым жылу жүйелеріне ағымдағы жөндеу жүргізіліп, бүгінге дейін 97 пайызға орындалды. 1987 көпқабатты тұрғын үйдің 93,7 пайызы яғни, 1863 үй жылыту маусымына дайын. 124 көпқабатты тұрғын үйде жұмыстар жалғасуда. Жалпы үшінші мегаполисте 484 бюджеттік мекеме бар. Олар 99 пайызға дайын. Қала тұрғындарының көмірге қажеттілігі 66 мың тонна, бүгінгі күнге дейін қалаға 114 мың тонна көмір тасымалданған, қоймаларда 25 мың тонна көмір қоры тағы бар. Инфрақұрылым жүйелерінің дайындығы 90 пайызды құрап отыр. Шаһар басшысы Мұрат Әйтенов қыс мезгілінде тұрақты және сапалы жылу берудің маңыздылығына тоқталып, тиісті сала басшыларына есептегі сандық көрсеткіштерді жіті тексеріп, істен шығу қауіпі бар нақты нүктелерді анықтауды тапсырды. Аяқталмаған күрделі жөндеу жұмыстарын қадағалап, қыркүйектің соңына дейін аяқтауды жүктеді. Жалпы мемлекеттік мекемелердің жылыту маусымына дайындығына келсек, алаңдауға негіз жоқ. Дайындық жұмыстары бойынша еліміздегі көшбасшы өңірлердің қатарына мыңтап жайғасқан.