ТҮРКІСТАН: ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК ЖАСТАРЫНЫҢ МЕРЕЙІ ҮСТЕМ БОЛҒАН КҮН 

Түркістанда жылдың үздік жастары анықталды. Түркістанда облыстық қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Жыл көшбасшылары» жобасы аясында облыстағы әр саланың кіл мықтылары анықталып, «Үздік жастар премиясы – 2024» байқауының марапаттау кеші өтті. Аталған байқау өңірдегі мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру және мемлекеттік жастар саясатының дамуына, елдің саяси және қоғамдық өміріне белсене араласып, ерекше үлес қосқан жас азаматтарды, түрлі салада өзінің білімімен, талантымен, белсенділігімен топ жарған жастарды анықтау және марапаттау мақсатынды ұйымдастырылды. Іс-шараның ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев құттықтау сөз сөйлеп, жастардың жетістіктері мен олардың қоғамдағы рөлі туралы сөз қозғады. Сондай-ақ жастардың еңбекқорлығы мен ынтасын жоғары бағалап, әр салада үздік көрсеткіштерге қол жеткізген жастарға табыс тіледі. Сонымен, «Үздік Жастар ресурстық орталығы» КММ-і аталымы бойынша Кентау қаласы және Келес пен Сауран аудандық Жастар ресурстық орталығы марапатталды.

Ал «Үздік жас мұғалім» номинациясын бәйдібектік Зәкерия Сержанұлы иеленді. «Денсаулық саласының үздік жасы» номинациясына келестік Дәулет Жолдасұлы, «Үздік жас полиция қызметкері» номинациясына кентаулық Есімхан Әдетханұлы, «Үздік жас мемлекеттік қызметкер» номинациясына сарыағаштық Омархан Сүйінбекұлы лайық деп танылды. «Шексіз мүмкіндіктер иесі» аталымы ойынша саурандық Розахмет Набиханұлы топ жарды. «Үздік жас спортшы» аталымы бойынша төлебилік спортшы, Азияның бірнеше дүркін чемпионы, әлем чемпионы Төрехан Сабырханның бағы жанды. ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев та бірқатар үздіктерді марапаттап, жылы лебізін білдірді.

«Үздік жас кәсіпкер» аталымы бойынша төлебилік Бәйдібек Нұрланұлына, «Үздік жас жұмысшы маман» атанған сарыағаштық Мирзабек Камаловқа, түлкібастық Бекасыл Серікұлына, «Үздік жас студент» аталымы бойынша түркістандық Аружан Шайырханқызы марапатталса, «Үздік оқушы» номинациясын сарыағаштық Жансерік Жақсыбайұлы иеменденді. Сол секілді «Үздік жомарт жүрек» номинациясы түркістандық Таңшолпан Бекбауыва, саурандық Элзод Мавленовқа бұйырды. Бұдан бөлек тележүргізуші, журналист Ләйлә Сұлтанқызы да үздіктерді марапаттады. Атап айтсақ, «Үздік жас жазба ақын» номинациясы түркістандық Дәурен Тілеухан алса, «Үздік жас тілші» болып сарыағаштық Майра Жұмабекқызы танылды. «Жыл жаңалығы» номинациясы қазығұрттық Бексұлтан Оразханға бұйырды. Ал «Үздік жас волонтер» номинациясына лайық деп түркістандық Еркебұлан Мадиярұлы танылса, «Үздік жас блогер» аталымын түркістандық Азизхан Бауыржанұлы иеленді. Сондай-ақ «Үздік жас актер» аталымы бойынша арыстық Маңсар Орынхан, Нұрсұлтан Отар марапатталса, «Үздік жас әнші» сыйлығын түлкібастық Ақсұңқар Жүнісбаев иемденді. Жастар сыйлығына әр аталым бойынша қаржылай сыйлық тағайындалды.