ОЛҚЫЛЫҚҚА ОРЫН ЖОҚ

Шымкент қаласында құрылыс жұмыстары қарқын алғанын жұрт жақсы біледі. Көптеген тұрғын үйлер бой көтеріп, қаланың көркіне көрік қосып келеді. Дегенмен құрылыс барысында орын алған олқылықтар да жоқ емес. Бұған дейін «Тұран» шағынауданындағы биыл берілетін тұрғын үйлер мен оған қатысты инфрақұрылым жүйелерінің сапасын тексеріп шыққан қала әкімі бірқатар тапсырмалар берген еді.

Бұдан бөлек, қала әкімі халықпен кездесу кезінде тұрғындардан түскен шағымдар негізінде шаhар басшысы әрбір нысанды жіті бақылауына алып, тұрғындар және тиісті сала басшыларынан тұратын арнайы топ құрған болатын. Осылайша, Мұрат Әйтенов жұмыс тобымен аталған аудан аумағында құрылысы жүргізіліп жатқан тұрғын үйлер мен инфрақұрылым жүйелерінің жұмыс сапасын бақылауға алған. Баспанадағы ақауларды анықтауға зерделеу жұмысын жасайтын арнайы топ жүргізген бақылаулар нәтижесінде 230-дан астам пәтерде ақаулықтарды анықтап, кемшіліктің 85 пайызы мердігер мекеме тарапынан жойылды. «Шымкентте тұрғын үйге деген сұраныс жоғары. Қазірдің өзінде 48 623 азамат тізімге тіркелген болса, оның 1819-ы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, 9 186-сы көпбалалы отбасы, ал 16 957-сі халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы санатында, бұл тізімде сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілер де бар. Бұл кісілер ертерек өз баспанасына қол жеткізуі үшін сіздер жұмысты сапалы әрі мерзімінде орындап бітуге тиіссіздер», — деді қала басшысы. Тұран шағынауданындағы инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы аяқталуға жақын. Бүгінге дейін тиісті жұмыстардың 88-95 пайызға орындалған. Жұмыс сапасы алдағы уақытта да қатаң бақылауда болмақ. Олқылықтар орын алса, тез арада шешілуіне де баса назар аударылмақ. Мұның өзі жұмыстың сапалы болуына әрі өз уақытында тұрғындарға тапсырылуына айрықша ықпал етпек.