ТӨТЕНШЕЛІКТЕР БАЛАЛАРДЫҢ БАҚЫЛАУДА БОЛУЫН ЕСКЕРТЕДІ

2022-2023 оқу жылының бірінші тоқсаны аяқталуға таяп қалды. Осыған орай оқушылар үйде әдеттегіден көп уақытын өткізеді. Бұл кезең жылу беру маусымының басталуымен дөп төсіп отыр. Демалыс оқушылар тынығатын шақ. Бірақ кейбір ата-аналар оларды үйге қараусыз қалдырып түзде алаңсыз жүре беретін жағдайлар кездеседі. Балаларды қараусыз қалдыру  өкінішті жағдайға ұласуы мүмкін екенін кеш түсініп жатады.

Отбасында балалардың оқыс жағдайға түсуін алдын алу үшін Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының инженері, азаматтық қорғау лейтенанты Әбді Досмұхамед  төмендегідей сақтық шараларын қаперде ұстауды ескертеді.

Құрметті ата-аналар!

Көптеген отбасылар түздегі жұмысын тындыру үшін кәмелетке толмаған балаларын үйге ересектердің  қарауынсыз қалдырып жатады. Кей жағдайда  оларға жетектегі балаға бас-көз болып отыруды тапсырады. Сөйтіп баланың аты бала екенін естен шығарып жатады. Өткен жылдары Жаңатас қаласында ата-ананың қарауынсыз қалған бес баланың пәтерден шыққан өрт салдарынан бір сәтте жантәсілім болғаны естеріңізде болар. Сол үшін мұндай өкінішті жағдай болмас үшін әрдайым балаларды назарыңыздан шығармаңыз. Егер сыртта қандай да бір шұғыл шаруаларыңыз болып, белгілі бір уақыт олардың қасынан табылмауға тура келген жағдайда, оларды  сенімді адамдарға (туыстарыңызға) уақытша қарауға тапсырып кетіңіз.

Сыртта жүргенде балаларыңызға жиі-жиі қоңырау шалып, оның жағдайынан хабардар болып отырыңыз.

Үй ішінде де оларға пешті қарауды, газды жағуды тапсырмаңыз. Балалардың  және өзіңіздің қауіпсіздігіңіз үшін әр маусымда  пештің, жылу қазандықтарын тексеріп, саңылаулары болса жөндеп қойыңыз.

Сонымен қатар балаларыңызбен өрттің қауіпті екені туралы әңгімені жүйелі жүргізіңіз. Тағы бір маңызды мәселе газ плитасы жанынан от тұтандыратын құралдарды, сіріңкені балалардың қолы жетпейтін жерге қоюды әдетке айналдырыңыз.  Балаларға терезе маңында ойнау қауіпті екенін айтудан жалықпаңыз. Және мүмкіндігіңіз болса сақтық шарасы үшін терезе сыртына темір қоршау орнатыңыз.

Осылай деген   Әбді Досмұхамед балаларға осы және өзге де қауіпсіздік ережелерін сақтау  қайғылы жағдайдың алдын алудың алғашқы кепілі екенін атап өтті.