ШЫМКЕНТТІҢ ГЕОАҚПАРАТТЫҚ ПОРТАЛЫНДА 6 ҚЫЗМЕТ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Бұл туралы геопарталды жасақтап жатқан «КазГиса» мекемесінің өндірістік бойынша директоры Ақтілек Нұрғазинов мәлімдеді. ҚР Президентінің Жолдауын және «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында әзірленіп жатқан геоақпараттық жүйесінің жұмысы аяқталуға таяп қалды. Қазірдің өзінде мемлекеттік қызметтер мен сервистер, жылжымайтын мүліктердің бірыңғай кадастры порталмен байланыстырылған.
Геопорталда 16 мемлекеттік қызмет қаралған болса, бүгінде оның 6-ы іске қосылған. «Оpenmap.geo-shym.kz» деп аталатын ақпараттық жүйеге картографиялық қызметті әзірлеу (ашық және кезекші карта), аэрофототүсірілім жүргізу, ортофотожоспар, жерді пайдаланудың бұзылуына мониторинг жүргізу, векторлық карта-схеманы құру және қаладағы нысандардың электронды төлқұжаттары енгізіліпті. Бұл қызметтер тұрғындардың қолдануына оңтайлы етіп жасалған. «Аймақтық ақпараттық жүйеге осы жылдың қазан айына дейін қала тұрғындары мен заңды тұлғалардан 300 ұсыныс келіп түсті. Бүгінге дейін оның 183-і порталға енгізілді. Қалған ұсыныстар қаралу үстінде», – деді Ақтілек Бекболатұлы. Айта кетсек, ақпараттық портал арқылы қала тұрғындары қажетті мекенжайлар мен жер телімдерін, қаланың Бас жоспарындағы мәліметтерді біле алады. Жобаны толығымен пайдалануға беру мерзімі жыл соңына дейін жоспарланып отыр. Айта кету керек, елімізде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылғаннан бастап-ақ бағдарламаның шарапатын көріп келетіндердің саны жылдан-жылға артып келеді. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасы тұрғындарының өмір сапасын жақсарту болып табылады. Бағдарламаның іске асқан күннен бері Қазақстандағы цифрландыру жүйесі едәуір өскенін байқауға болады. Бүгінде үйден немесе кеңседен шықпай-ақ түрлі операцияларды жасауға мүмкіндіктер көп. Осындай мүмкіндіктердің бірін Шымкенттік жүргізушілер де пайдалана алады. Енді олар жүргізуші куәлігін онлайн ауыстыра алады. Қазіргі таңда жүргізуші куәлігін онлайн ауыстыру мүмкіндігіне ие. Ол үшін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына барудың қажеті жоқ. «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы Шымкент қалалық филиалының өкілдері осылай деп еске салады.