ТІЛ ҮЙРЕНУ – КӘСІБИ ДАМУДЫҢ КЕПІЛІ

Қазіргі таңда денсаулық сақтау саласы үздіксіз даму мен жаңаруды талап ететін күрделі әрі жауапты сала болып табылады. Бұл салада қызмет көрсетудің сапасы дәрігердің кәсіби біліктілігімен қатар, пациентпен қарым-қатынасы, оның тілін түсінуі, мәдениетаралық коммуникацияны сауатты жүргізуімен тығыз байланысты. Осы орайда, Түркістан қаласындағы «ДОКТОР МЕДИКАЛ» ЖШС медициналық орталығы қызметкерлері өз кәсіби құзыреттілігін арттыру мақсатында орыс тілін үйренуге бастама көтерді.
Олардың сұранысына сәйкес «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің орыс тілі оқытушысы Жорабекова Манат Құрманбекқызының жетекшілігімен В1 (орта) деңгейіндегі орыс тілі курсы басталды. Бұл — тек тіл үйрену емес, кәсіби және тұлғалық дамуға бағытталған маңызды қадам. Курс ұзақтығы – 2 ай, аптасына бірнеше реттен өтетін 72 академиялық сағат аясында ұйымдастырылып отыр. Бұл – орта деңгейдегі білім мен дағдыны қалыптастыруға жеткілікті көлем. Сабақтар тікелей медициналық орталықтың өзінде, ыңғайлы форматта өткізілуде. Бұл тәсіл қызметкерлерге өз жұмыс кестесін сақтай отырып, тіл меңгеруге мүмкіндік береді. Курстың басты мақсаты — қызметкерлердің ресми және бейресми кәсіби қарым-қатынас жүргізу қабілетін арттыру, медициналық терминологияны дұрыс қолдануға үйрету, пациентпен, әріптеспен, сыртқы серіктеспен мәдениетке сай, сыпайы және сауатты тілдесу машығын қалыптастыру, қызметкерлердің тұлғалық сенімділігі мен кәсіби бейнесін жетілдіру.
Медицина – нақты дәлдік пен жанашырлықты талап ететін сала. Алайда науқастың сеніміне ие болу үшін дәрігер немесе медицина қызметкері алдымен оның тілін, психологиясын, мәдениетін түсінуі тиіс. Орыс тілі – Қазақстандағы көпұлтты тұрғындар арасында әлі де кең тараған, ресми қатынас тілі ретінде жиі қолданылатын құрал. Сондықтан орыс тілінде еркін сөйлей білу пациенттің шағымын дұрыс түсінуге, диагнозды нақты әрі түсінікті жеткізуге, емдеу мен алдын алу шараларын түсіндіру кезінде кедергілерді жоюға, медициналық құжаттарды сауатты жүргізуге, әріптестер арасындағы кәсіби байланысты нығайтуға мүмкіндік береді. Курс B1 деңгейіне бағытталған. Бұл деңгейде тіл үйренуші адам күнделікті тұрмыста да, жұмыс барысында да өз ойын толық әрі нақты жеткізе алуы керек. Сонымен қатар кәсіби контексте диалог, кеңес беру, шағым қабылдау, ресми сұхбат жүргізу сияқты дағдыларға ерекше мән беріледі. Оқытушы Жорабекова Манат Құрманбекқызы сабақты заманауи коммуникативтік әдістерге негіздеп, интерактивті форматта жүргізуде. Тыңдаушылар тек тыңдап, оқып қана қоймай, жағдаяттық тапсырмалар, рөлдік ойындар арқылы практикалық машықтарын жетілдіруде.
Медицина қызметкерлері үшін тіл меңгеру — тек лингвистикалық емес, стратегиялық құрал. Бұл олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады, халықаралық конференциялар мен семинарларға қатысу мүмкіндігін ашады, кәсіби әдебиеттерді оқу, жаңалықтармен танысу, заманауи медициналық зерттеулерді сараптау қабілетін дамытады. Сонымен қатар көпұлтты ортада қызмет ететін маман үшін бірнеше тілде қызмет көрсету – пациенттің сеніміне ие болудың маңызды факторы. «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ бұл курсты тек мемлекеттік тапсырма ретінде емес, жергілікті кадрлардың біліктілігін арттырудағы серіктестік жобасы ретінде қарастырады. Түркістан қаласындағы түрлі мекемелер мен ұйымдар үшін тілдік курстар ұйымдастыру арқылы орталық қоғамдағы көптілділік пен мәдениетаралық байланысты нығайтып отыр. Бұл – тілдік саясатты практикалық тұрғыда жүзеге асырудың тиімді жолы. Әсіресе медицина, білім беру, құқық қорғау, мемлекеттік қызмет секілді маңызды салаларда тілдік дағдыны дамыту – сапалы қызмет көрсетудің негізі.
«ДОКТОР МЕДИКАЛ» ЖШС медициналық орталығы бастамасымен қолға алынған орыс тілі курсы — заманауи медициналық қызметтің жаңа стандарттарына сай келетін тың серпін. Қызметкерлердің кәсіби тілді меңгеруге деген қызығушылығы мен жауапкершілігі – олардың тек өз ісіне адалдығын емес, халық алдындағы азаматтық борышын да көрсетеді. Тіл білу – адамның білімділігін ғана емес, мәдениеттілігі мен кісілігін көрсететін өлшем. Сондықтан мұндай курстарды тек тілдік курс ретінде емес, қызмет көрсету мәдениетін қалыптастыру құралы ретінде қабылдаған жөн. Қызметкерлерге сәттілік тілей отырып, бұл бастама өз жалғасын тауып, Түркістан өңіріндегі кәсіби білім беру мен тіл меңгеру ісінің дамуына серпін беретініне сенім білдіреміз.