«БIЗДIҢ IЗIМIЗДI ЕРТЕҢ КIМ БАСАДЫ?» ДЕП АЛАҢДАУҒА НЕГIЗ ЖОҚ»

473
0

Мәди БИҒАЛИЕВ, Оңтүстiк Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты

Ол Ресейде туып-өстi. Онжылдықты да сонда бiтiрдi. Әйтсе де бұйрық     шығар, атақоныс түбiнде оны тартып, Қазақ топырағына алып келдi. Жоғары бiлiмдi осында алды. Тiлi орысшаға икемдi қарадомалақ жiгiттi тағдыр ақыры қазағы қалың Оңтүстiкке топ еткiздi. Еңбек кiтапшасының алғашқы парағы да осында ашылды. Әңгiме Мәди Биғалиев жайлы. Ал, бүгiнде сол Мәди Хожаұлын танымайтындар некен-саяқ. «Алтын қолды хирург» дейдi оны етене бiлетiндер. Тынымсыз iзденiс, қажырлы еңбек оны асқаралы абырой биiгiне бiр-ақ шығарды. Мансаптан да, атақтан да кенде емес. Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасының бас дәрiгерi. Оңтүстiк Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты. Облыстық мәслихаттың әлеуметтiк даму жөнiндегi тұрақты комиссиясының мүшесi. Медицина ғылымдарының докторы, профессор. Жә, бәрiн жiпке тiзiп, термелей бермей-ақ қоялық. Арғысын Мәкеңнiң өзiне қалдырдық.   

– Менiң кiндiк қаным тамған жер – Ресей Федерациясы. Нақтырағы, Самара облысына қарасты (бұрынғы Куйбышев облысы) Кинель-Черкасск ауданының Рабочий совхозында қарапайым шаруаның шаңырағында дүниеге келгенмiн. Атамыз бен әкемiз ол жаққа ашаршылық жайлаған сонау 1929 жылы Орал өңiрiнен көшiп барған екен. Бiр жанұядан алты бала түлеп ұштық. Мен – үйдiң екiншiсiмiн. Анамыз үй шаруасымен айналысты. Бiздi әлпештеп өсiрдi. Қазiр арамызда жүр. Сол Самара облысында тұрады. Қарашаңырақта қалған iнiм мен келiнiм жағдайын жасап отыр. Немерелерi – алдында. Қанша алыс болса да, жылына 2-3 мәрте туған жерге барып тұрамын. Ауылдағылардың басын қосып, әруақтарға арнап ас берудi әдетке айналдырғалы қашан. Тiптi, әкем дүниеден өткен соң, 5 жыл бойына қайтыс болған күнiне арнап Құран бағыштадым. Кейiн ол жақтағы үлкендер «Мәди, әруақтар саған риза шығар. Ендi жыл сайын емес, анда-санда келiп ас берiп тұрсаң да жарар…» дедi. Әкем бес ағайынды-тын. Көзi ашық кiсi болғандықтан, бәрiмiздi оқытуға тырысты. Оның үстiне әкемнiң iнiсi ғалым болатын. Биология ғылымдарының докторы, профессор Айтқожа Биғалиұлы Биғалиев. Кезiнде Қарағанды мемлекеттiк университетiн басқарды. Мiне, «сол кiсiдей болсақ» деп тырысып өстiк. Ағамыз баршамызға үлгi болды. Әлi көзi тiрi. Жасы биыл 70-ке келедi. Қазiргi таңда Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетiнде «Қоршаған ортаны қорғау» кафедрасының меңгерушiсi. Үлкен ғалым, дүние жүзiне белгiлi. Кезiнде Олжас Сүлейменовпен бiрге «Семей» полигонын жаптыруға атсалысты. Сол үшiн Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдық мерейтойында мемлекет басшысының қолынан орден алды. Осындай азаматқа қарап мен медицина мамандығын таңдадым, ғылым жолына түсiп, кандидат та, доктор да, профессор да атандым. Сонымен бiрге қайынатам Әбдуәли Жақсыбаевтың да еңбегiн ерекше атап өткiм келедi. Саналы ғұмырының жарты ғасырлық уақытын медицина саласына арнаған Ә.Жақсыбайұлы маған көп жол көрсеттi, бағыт-бағдар бердi. Дәрiгер ретiнде, азамат ретiнде өз сүрлеуiмнiң қалыптасуына, мұрат-мақсатыма жетуiме зор септiгi тидi. Облыстың денсаулық сақтау басқармасын 15 жылдай басқарған ол кiсiнiң маңдай терi зая кеткен жоқ. Бүгiнде Шымкент  қаласының Құрметтi азаматы. 80 жасқа қадам басты. Жалпы, менiң алдымдағы әпкем де – дәрiгер. Сайрам ауданында тұрады. Бас-аяғы бiздiң отбасыдан 4 дәрiгер шықты.

– Мектептi өзiңiз туып-өскен Кинель-Черкасск ауданының орталығында бiтiргенiңiзден хабардармыз. Әйткенмен жоғары бiлiм алу үшiн қазақ топырағын таңдапсыз.

– Оныңыз рас, оқуды 1974 жылы Ақтөбе мемлекеттiк медицина институтынан бастап, соңғы курстарды Алматы мемлекеттiк медициналық институтында жалғастырып, 1982 жылы «емдеу iсi» мамандығы бойынша бiтiрiп шықтым. 1982-1983 жылдары хирургия саласы бойынша Шымкент қаласындағы Облыстық клиникалық аурухана базасында интернатурадан өттiм. Кеңес өкiметi тұсында оқу орнын бiтiрген жас мамандарды арнайы жолдамамен жұмысқа орналастыратын едi ғой. Сол секiлдi менi Оңтүстiкке жiбердi. Еңбек жолым Облыстық клиникалық ауруханадан басталды. 1991 жылдан 2000 жылдың тамыз айына дейiн осы ауруханада №1 хирургия бөлiмiнiң меңгерушiсi болып еңбек еттiм. Сонымен қатар 1992 жылдан 2000 жылдың тамыз айына дейiн ОҚО Денсаулық сақтау департаментiнiң бас хирургi қызметiн қоса атқардым. 2000 жылдың тамыз айында Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасы бас дәрiгерiнiң хирургиялық қызмет саласы бойынша орынбасары, ал, араға екi жыл салып бас дәрiгер қызметiне тағайындалдым. Бақытыма орай Құдай маған талай жүрегi кең азаматтарды жолықтырды. Хирург болып қалыптасуыма Вайних Алиев, Дербiсәлi Сексенбаев, Владимир Ким, Толықбай Қыдырбаев, Оңласбек Құлакеев сынды бiлiктi дәрiгерлердiң мол септiгi тидi. 2002 жылдың 20 қарашасынан бастап Д.Сексенбаев ағамыздан кейiн облыстық клиникалық аурухананы басқардым. Докторлық диссертациямды қорғауыма байланысты 1 жылдай уақыт, яғни 2007-2008 жылдары Оңтүстiк Қазақстан мемлекттiк медицина академиясының «Жалпы және госпитальдi хирургия» кафедрасының меңгерушiсi болып еңбек еттiм. Ал, 2008 жылы ақпан айында Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасының бас дәрiгерi болып тағайындалып, күнi бүгiнге дейiн осындамын.

– Медицинаның үлкен жауапкершiлiктi қажет ететiн сала екенi анық. Ауыртпалығы да жетерлiк. Қиын сәттерде «Әттең, нелiктен басқа мамандықты таңдамадым екен?» деген өкiнiштер қылаң бермей ме?

– Менiң ойымша, мамандықтың жаманы жоқ. Журналист, заңгер, құрылысшы, инженер, мұғалiм – бәрi-бәрi қоғамға керек. Қазiр медицина саласында тер төгiп жүргенiме 30 жыл болды, дәрiгер болу тiптен жақсы екен. Неге десеңiз, дәрiгердiң алдына бәрi келедi. Нағыз шебер дәрiгер болсаңыз, әңгiме мүлде басқа. Сiз барлық адаммен танысасыз. Және соларға қолыңнан келген жәрдемiңдi көрсеткiң келiп тұрады.  Мен пациенттерiмнiң ешбiрiн қызметiне, шенiне қарай алаламаймын.  Қабылдау бөлiмiнде күндiз-түнi кезекшiлiк ететiн жас мамандарға «Кiм келсе де, жылы қабақпен қарсы алыңдар! Себебi, ешкiм түн ортасында мұнда дәрiгердiң жүзiн көрейiн деп келмейдi. Оны ауруы мазалап, жаны қиналып тұр. Ал, сен мiнезiңдi көрсетсең, әрине, айқай-шу, арыз-шағым басталып кетедi. Сондықтан оңай нәрсенi қиындатпаңдар, қолыңнан келген көмектi бер, саған алғыстан басқа айтары болмайды…» дегендi жиi-жиi айтып отырамын.

– Қазiргi таңда мемлекет қазынасында қаржы жеткiлiктi. Проблемалардың барлығы рет-ретiмен шешiлуде. Тек тиiстi құжатын сақадай сай етсеңiз болғаны. Соның арқасында көз алдымызға елестемеген небiр зәулiм нысандар бой көтерiп, озық технологиямен жабдықталған жаңа үлгiдегi медициналық мекемелер халыққа қызмет көрсетiп жатыр. Дегенмен бiрi кем дүние ғой, түйiнi тарқатылмаған мәселелер бар шығар? 

– 2006 жылдан берi қарай Елбасы мен Үкiмет тарапынан денсаулық сақтау саласына қатты көңiл бөлiнуде. Өздерiңiз байқап жүргендей, соңғы жылдары бiрнеше аурухана-емханалардың құрылысы жүргiзiлдi. Ескi ғимараттар күрделi жөндеуден өткiзiлдi. Салыстыру үшiн мысал келтiрейiн, кеңестiк кезеңде бiр бесжылдықта бiр-ақ аурухана салынатын. Ал, бүгiнде 3 жылдың iшiнде фельдшерлiк-акушерлiк пунктi бар, учаскелiк ауруханалары бар, емханалары бар, ауруханалары бар, бас-аяғы 200-дей жаңа нысан пайдалануға берiлдi. Жылына 80-ге тарта медициналық нысанның ел игiлiгiне берiлуi бұрын-соңды болмаған. Құрал-жабдық жағынан да ешкiмнен қалыспаймыз. Орайы келгенде айта өтейiн, облыс әкiмi Асқар Мырзахметовке мың рахмет. Ал, әкiмге денсаулық сақтау саласының ұңғыл-шұңғылын жеткiзетiн кiм? Әрине, ОҚО Денсаулық сақтау басқармасының бастығы. Жұмағали Исмаилов. Өзi жас, қолынан iс келедi. Өте сауатты маман. Облыстың қай бөлiгiне қандай ғимарат керек, қандай құрал-жабдықтарға зәрумiз, дәрiгерлердiң бiлiктiлiгiн арттырып, заман талабына сай ету үшiн не iстемек керек, қандай дәрi-дәрiмек керек, оған қанша қаражат қажет етiледi, мiне, осының барлығын Жұмекең бiр арнаға түсiрiп, әкiмнiң назарын аударып отыр. Өз кезегiнде Басқарма бастығы барша жайттан хабардар болу үшiн бас дәрiгерлер жұмыс iстеуi керек. Мәселен, бас дәрiгерлер «Маған мынадай рентген аппараты, мынадай дәрi-дәрмек, зертханама мынадай қондырғы керек…» деген секiлдi қажеттiлiктерiн дер уақытында айтса, Басқарма бастығы аянып қалмайды. Былайғы жұрт «Ойпырмай, төрт құбыламыз түгелденуге таяу қалыпты-ау» дер. Алайда мың жерден ұшпаққа шыққанымызбен, бәрiмiз қайта айналып соға беретiн бiр мәселе бар: Кадр. Сталин айтқандай, «Бәрiн кадр шешедi». Кадр тапшылығы сезiлетiнiн жасырмаймын. Әрине, ауызды қу шөппен сүртпей-ақ қояйын. Үнемi бақылап отырмын, қазiр сауатты жас мамандар қатарға қосылып келедi. Оларды тек дер кезiнде Алматы мен Астанаға, Мәскеу мен Новосiбiрге жiберiп, бiлiктiлiгiн арттырып отырсақ болғаны. Шетелге жiберу мiндеттi емес. Мысалы, мен арагiдiк кардиоорталыққа барып, операция жасаймын. Кардиохирургтер жүрекке, ал, мен солармен бiр мезгiлде бауыр мен өтке ота жасаймын. Сонда байқадым, Оңтүстiк Қазақстан мемлекеттiк медицина академиясында өзiмнiң қолымда оқыған жап-жас жiгiттер нағыз мамандардың сапына қосылыпты. Облыстық клиникалық аурухананы басқарып тұрғанымда, талай жас дәрiгердi Мәскеуге оқуға жiбергенмiн. Мiне, солардың барлығы ендi халықтың денсаулығын нығайтуға үлес қосып жүр. Өкiнiшке қарай, кейiнгi кездерi «Жас дәрiгерлер ештеңе бiлмейдi. Сауатсыз…» деген сияқты әңгiмелер көбейiп кеттi. Мен бұған сенбеймiн. «Бiздiң iзiмiздi ертеңгi күнi кiм басады?» деп алаңдауға негiз жоқ. Тек оларды уақытында оқыту керек, ынталандыру керек, өсiру керек. Тоқпақтап, меселiн қайтара берсек, әлбетте, кейiнгi толқын әлсiз болып шығады. Мен жас дәрiгерлерге көбiрек үмiт артамын. Қазiргi таңда бiздiң ауруханадағы компьютерлiк томографияда, УДЗ аппаратында, эндоскопияда жұмыс iстеп жүргендердiң баршасы – жастар. Бұйыртса, жақында ангиографиялық қондырғы орнатпақпыз. Ол арқылы миды, жүректi, аяқ-қолдағы тамырды тексередi. Аталмыш қондырғыға да жоғары оқу орнын тәмамдағанына 2-3 жыл болған 3 жас маманды дайындап қойдым. Бiреуi Шымкентте, екiншiсi Қарағандыда, үшiншiсi Астанада бiтiрген. Үшеуi керемет игерiп кетедi деп ойлаймын.

«Айтпаса, сөздiң атасы өледi» дейдi ғой, алдыңғы толқынның көңiлiне тисе де айтайын, бұрындары жастарды қолдап отыру, лауазымын жоғарылату деген сирек кездесетiн. «Кәсiби деңгейi жөнiнен менен асып кетер тағы… Одан-дағы тек өзiм ғана мықты болып жүре берейiн…» деген үрейдiң шырмауынан шыға алмайтын. Менде ондай «қорқыныш» жоқ. Мойындаймын, хирургиялық операцияны маған қарағанда, өте сәттi жасайтын жас дәрiгерлер бар. «Ұстаздан шәкiрт озар» демекшi, өйткенi оларға мен бар бiлгенiмдi үйретуден жалыққан жоқпын. Кейде олардың да қиналып, тығырыққа тiрелетiн кездерi болады, ондайда мiндеттi түрде менi iздейдi.

– Есiңiзде болса, 2008 жылы қараша айында Елбасы Шымкентте медицинаның өзектi мәселелерi турасында ауқымды жиын өткiзген-дi. Мемлекет басшысы бетi жылы жабылып жатқан бiраз түйткiлдердi талқыға салып, ауыр-ауыр сын айтып, проблемаларды көзге шұқып көрсеткен. Содан берi 4 жыл өттi. Не өзгердi?

– Елбасы айтқан проблемалардың барлығын Денсаулық сақтау басқамасының бастығынан бастап бас дәрiгерлерге шейiн тарау-тарау етiп, қағазға түсiрiп алғанбыз. Н.Әбiшұлы ең алдымен ана мен сәби өлiмiнiң өсiп, туберкулездiң дендеп, қан айналымы жүйесi аурулары санының артып бара жатқандығына ерекше тоқталды. Сондай-ақ жол-көлiк апатының жиiлеуi салдарынан адамдардың жарақат алуы көбейгенi де тiлге тиек етiлдi. Құдайға шүкiр, сол жиыннан бiз қорытынды шығардық. Мысалы, ана өлiмiн төмендеттiк. Сәби өлiмiн азайттық. Туберкулездiң көрсеткiшiн тұрақтандырдық. Тозығы жеткен емдеу-профилактикалық мекемелердiң жарамдыларының барлығы күрделi жөндеуден өттi. «Дәрi жеткiлiксiз. Қаржы қаралмаған» деген әңгiмелер сап тыйылды. Егер қайсыбiр ауруханада дәрi жетпей жатса, оның себебiн тек бас дәрiгерден сұрау керек. Демек, бас дәрiгер дәрi-дәрмек алу үшiн, тапсырысты дер кезiнде бермейдi. Нақтырағы, әлгi басшы өз мекемесiндегi проблеманы бiлмейдi деген сөз. Ал, ақша жағынан бiздiң мемлекетте, бiздiң облыста ешқандай кедергi жоқ. Бар болғаны, мәселенi өз уақытында көтеру керек. Қазiр денсаулық сақтау саласына қатысты көп көрсеткiштер жөнiнен Оңтүстiк Қазақстан облысы республика бойынша оқ бойы озық тұр.

– Бiрақ Оңтүстiктiң тұзы жеңiл сияқты ма, қалай? ВИЧ деп бүкiл елдi дүрлiктiрдiк, Қырым-қанды қызбасы деп жұршылықтың назарын өзiмiзге аудардық, жылдың басында ана өлiмi жиiлеп кеттi…

– Мұндай жағдайлар Қазақстанның өзге облыстарында да ұшырасады. Алайда ол жақтағылар бiз секiлдi дабыра шығармайды. Кеңес өкiметi кезiнде де Оңтүстiк осындай болатын. Түймедейдi түйедей етiп жiберемiз. Таяуда Бурабайға барып демалып қайттым. Сонда қит етсе, Шымкенттi тiлге тиек ететiн бiр азаматтармен пiкiр таластырып қалдым. Солар ақырында «Шынын айтсақ, сендердiң өмiр сүру деңгейлерiң жоғары ғой» дедi. Iштарлық жасайды екен осы күнiмiзге. Оның үстiне табиғатымыз қандай жайлы! Мұндағы халық курортта өмiр сүрiп жатыр деп есептеймiн. Сiз Ақтауда немесе Атырауда тұрып көрiңiзшi, жалақылары қанша жоғары болғанымен, ол жақта күн кешу өте қиын.

– Қалтаңыз қанша жерден қалың болса да, күндердiң күнiнде денсаулықты сатып ала алмайтыныңыз анық қой.

– Әрине.

– Елбасының қатысуымен өткен әлгi алқалы жиынға қайта оралсам. Осы басқосуда Оңтүстiк Қазақстан мемлекеттiк медициналық академиясына (ОҚММА) қатысты үлкен сын айтылды. Аталмыш оқу орнынан түлеп ұшқан мамандардан жұмыс берушiлер көбiне-көп терiс айналатынын бұрын естiп жүрушi едiк, әйтсе де сол жолы үлкен деңгейде сөз болды. Артынша медакадемия құрылымдық өзгерiске ұшырап, Оңтүстiк Қазақстан мемлекеттiк фармацевтикалық академиясы болып қайта құрылды. Содан берi 3 миллионға жуық тұрғыны бар Оңтүстiк Қазақстан облысы, қала бердi Оңтүстiк өңiрi үшiн жоғары бiлiмдi дәрiгерлердi тек Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ғана дайындауда. Сiздiң ойыңызша, осы дұрыс қадам болды ма? 

– Елбасы мен Үкiмет мұндай қадамға барардан бұрын мәселенi жан-жақты зерттеген шығар. Сондықтан бұл өзгерiске баға беруге құқығым жоқ. Әйткенмен Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дiң медицина факультетi дайындап жатқан мамандар бiз үшiн аздық ететiнi жасырын емес. Кадрға деген қажеттiлiгiмiздi толық қанағаттандырмайды. Себебi, бiздiң облыста учаскелiк дәрiгерлер, педиатрлар, жедел медициналық көмек көрсету дәрiгерлерi, гинекологтар, т.б. жетiспейдi. Жалпы, медакадемияның жабылғанына байланысты ешкiмде ренiш болмауы керек. Бұл – өмiр. Заманның қалауы солай шығар. Алайда ертең уақыттың әмiрiмен ол оқу орны қайтадан ашылады. Оған негiз де бар. Бiрiншiден, Шымкент республика бойынша үшiншi қалаға айналып отыр. Екiншiден, халқының саны жөнiнен де ОҚО iлгерiлеп барады: 3 миллионнан асқалы жатыр. Шымкент қаласының бас даму жоспарына сәйкес, 2015 жылы Шымкенттiң халқы 1 миллионға, ал, 2025 жылы 1 миллион 200 мыңға жетпек. Менi тек бiр-ақ нәрсе алаңдатады: ОҚММА 15 жылдың iшiнде сапалы кадрларды дайындап, ендi-ендi аяққа тұрып едi, оқу орны қайта ашылып, кешегi деңгейiне келу үшiн тағы 15 жыл кетедi ғой…

– Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дi бiтiрген дәрiгерлердiң кәсiби бiлiктiлiгi қандай екен?

– Кезiнде медакадемияда дәрiс оқыған оқытушы-профессорлардың барлығы қазiр сонда ауысты ғой. Мысалы, мен – «Хирургия» кафедрасының меңгерушiсiмiн. Сондықтан барынша сапалы мамандарды дайындауға тырысып жатырмыз.

– Бiлуiмiзше, бiраз жылдан берi Алматыдағы Санжар Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетi педиатр дәрiгерлердi дайындамайды. Бұрын арнайы факультет бар-тын. Зардабы сезiлiп жатқан жоқ па?

– Оңтүстiкте педиатр тапшы. Егер Солтүстiк Қазақстан облысында жылына 8 мың сәби жарық дүние есiгiн ашса, бiзде бұл көрсеткiш 78 мың баланы құрайды. Медициналық оқу орнындағы бiлiм жүйесiн реформалаушылардың бұл әрекетiмен келiспеймiн. Қазiр педиатрия факультетi түгiл емдеу факультетi де жабылыпты. Студенттердiң барлығын жалпы тәжiрибелi дәрiгер етiп шығармақшы. Бесiншi курсты бiтiрген соң қолдарына диплом берiп, 3 жыл тағы оқытады. Қажетi не оның?! Бұрынғы жүйе дұрыс едi: алты жыл оқытып, жетiншi жыл мамандығына сәйкес интернатурада бiлiм алатын. Яғни 7 жылдан кейiн маман болып шығатын. Ал, бүгiнгi жүйеге қарсымын. Болашақ дәрiгерлер қазiр не оқып жүргенiн өздерi де түсiнбейдi.

– Медицина тақырыбында бiршама ой қозғағандаймыз. Ендi Сiздiң депутаттық қырыңызға үңiлсек. Қателеспесек, Сiз күнi бүгiнге дейiн мәслихатқа 3 мәрте депутат болып сайланыпсыз.

– Ең алғаш рет 1999 жылы Шымкент қалалық мәслихатының депутаты болып сайландым. Ал, 2003 жылғы саяси додада ОҚО мәслихаты депутаты атануым үшiн, электорат менi жақтап дауыс бердi. 2007 жылғы сайлауға докторлық диссертация қорғауыма байланысты қатыса алмадым. Ендi биылғы науқанның нәтижесi белгiлi: Шымкент қаласындағы №7 округтен облыстық мәслихат депутаты болып сайландым. Мәслихаттың қазiргi құрамында 3 дәрiгер депутат бар. Естерiңiзде болса, үшiншi шақырылымдағы облыстық мәслихатқа 6 дәрiгер сайланғанбыз. Жалпы, мен мәслихаттың басым бөлiгi дәрiгерлер мен мұғалiмдерден, заңгерлер мен экономистерден құралғанын қалар едiм.  Мәселен, дәрiгер депутат ретiнде мен мәслихатқа барып, өз қамымды күйттемеймiн. Бiр мәселе көтерсем, ол менiң жеке басыма қатысты болмайды. «Аурухана, емхана салу керек, еңбекақы мөлшерiн көбейту керек, қандай құрал-жабдық аламыз…» деген сықылды көпке ортақ әңгiменi айтамын. Артық сөйлемеймiн. Өйткенi менiң бизнесiм жоқ. Кiм болсам да, қай қызметтiң құлағын ұстасам да, өмiр бойы мемлекетке жұмыс iстеп келе жатырмын.

– Кiшiгiрiм болса да, отбасылық бизнесiңiз бар шығар?

– Көп адамдар осылай ойлайды екен. «Биғалиевте бәрi бар. Жанармай құю бекетi, дәрiханасы, мейрамханасы, т.б. бар екен» дегендi талай естiдiм. Шынымды айтайын, менде тек қана бас дәрiгер деген лауазымым және хирург деген мамандығым бар. Операцияны жақсылап жасай аламын. Басқа ештеңем жоқ. Жеке клиникам да, дәрiханам да, жанармай құю бекетiм де жоқ. Әйелiмнiң де бизнесi жоқ.

– Зейнетке шықсаңыз, немен айналысасыз?

– Операция жасаймын. Маман хирург болып еңбек ете беремiн. Мен мансап, шен қуған емеспiн. Жауапты қызметтi сенiп тапсырса, шама-шарқымша тер төгемiн. Ал, жоқ болса, қатардағы дәрiгер болып та жүруге бармын. Денiм сау болса, кәсiбiм менi аш қалдырмайды.

– Сiздi әбден ысылған депутат десек, жарасар. Ойыңызға алған жоба-жоспарыңызды қаншалықты жүзеге асыра алып жүрсiз?

– Сайлаушыларыңа берген уәдеңнiң үдесiнен шығу оңай емес. Көп тер төгу қажет. Кейде кейбiр әрiптестерiм «Ана шағынауданға жол салдырдым, көшелерiн жарықтандырдым, мына елдiмекенге ауызсу жеткiздiм…» деп мақтанып жатады. Жоқ. Қандай күштi депутат болсаң да, сен бiр өзiң мардымды шаруа тындыра алмайсың. Әкiмдiкпен бiрлесе еңбек етсең ғана нәтиже шығаруға болады. Депутат деген кiм? Менiң пайымдауымша, ол – қалың бұқараның ортасына барып, оның мұң-мұқтажына терең үңiлiп, соны шешу жолында жергiлiктi билiктiң назарын аударып, оң нәтиже шығаруға ықпал ететiн адам. Мәселен, 2003 жылы облыстық мәслихатқа Шымкенттiң Коммунизм, Тельман, Тұрлан экспедициясы аумағынан сайланғанымда, ондағы тұрғындар «Мектеп, емхана керек…» деп шулап жататын. Мен оны жоспарыма қосып, әкiмдiктiң назарына ұсындым да. Әйткенмен әлеуметтiк нысандардың құрылысын жүргiзуге ол уақытта қоржынымызда қаржы аз-тын. Құдайға шүкiр, осыдан 2-3 жыл бұрын Тұрланда – еңселi мектеп, Тельманда жаңа типтегi емхана ел игiлiгiне берiлдi. «Осы ғимараттарды мен салдырттым» деп айта аламын ба? Әрине, жоқ. Тiптi, төртiншi шақырылымда сол округтен депутат болып сайланған азамат та айта алмайды. Бұл тiрлiктердi Үкiмет пен әкiмдiк атқарды. Ал, депутат солармен тiзе қоса қимылдады.

Өкiнiшке қарай, көп депутаттар отырып алып Үкiметке қарсы әңгiмелер айтады. Ол дұрыс емес. Шынын айтсақ, солардың барлығын мәслихатқа депутат етiп әкелiп отырған – Үкiмет. Мемлекеттiң қолдауының арқасында сен осындай дәрежеге жетiп отырсың. Мемлекеттiң қолдауының арқасында сен бизнесiңдi дамытып жүрсiң. Сен ақшаны аспаннан алып отырсаң, оны айт!

Депутаттық мандатты иемденгенiме жарты жылдан асты, хал-қадерiмше өз мiндетiмдi атқаруға тырысып жатырмын. Өзiм сайланған округтiң iшкi орамдық және сыртқы жолдары тозып кеткен, жөндеудi қажет етедi, осыны Шымкент қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмiнiң жоспарына енгiздiрдiм. Әкiмдiк ендi осыны бiртiндеп жүзеге асыра бастайды. Соңғы уақытта кейбiр үй комитетi төрағалары «Сiз бiзге iшкi орамдық жолдарды жөндеуге уәде берiп едiңiз. Неге жұмыс iстемейсiз?» деп маған келiп жүр. «Жоспарға енгiзiлген. Оның бәрi қалпына келтiрiледi» десем, «Жоқ, сiз ең алдымен менiң орамымдағы жолды жөндеп берiңiз!» дейдi. Содан қайтадан «Айналайын, ондай болмайды. Әкiмдiкке олай деп айта алмаймын. Ең бастысы, жоспарға кiргiздiм. Жұмыс басталды» деп түсiндiремiн.

– Түсiне бiлген адамға депутаттық мандаттың жауапкершiлiгi    ауыр ғой.

– Бәрiнен бұрын халықтың алдында жауаптысың. Бәлкiм, бұрын жастау болған шығармыз. «Депутат болсақ, болыппыз да» деп жүре бердiк. Ал, үшiншi рет сайланғандықтан, босаңсуға құқығың жоқ. Жұмыс iстеуiм керек. Денсаулық сақтау мәселесiне көбiрек көңiл бөлемiн. Емдеу мекемесiн басқарып отырғандықтан, маған өз округiмнен бөлек қаланың барлық бөлiгiнен адамдар жиi келедi. Денсаулығын түзеу үшiн қолымнан келген көмектi аяған емеспiн. Хирургия жағынан жәрдем керек болса, операция жасап беремiн, ем жүргiземiн, егер басқа жаққа емделу керек болса, квотасын алуға, құжаттарын әзiрлеуге қол ұшымды созамын. Отыз жылдың iшiнде бiрде-бiр адамның бетiн қайтарған емеспiн. Халықты алдауға болмайды. Бәрiн бiледi. Сайлаудың кезiнде халықпен бiрнеше рет кездесу өткiздiм. Арасында жүрдiм. Сiрә, азаматтық ұстанымдарым ұнаса керек, басым бөлiгi менi жақтап дауыс бердi.

– «Болыс болдым, мiнеки, Бар малымды шығындап» демекшi, құпия болмаса, айтыңызшы, облыстық мәслихаттың депутаты болу үшiн қанша ақша жұмсадыңыз? 

– Бәлкiм, бәзбiреулер депутаттыққа ақшамен өтсе, өткен де шығар. Бiрақ мен ешкiмге ақша берген емеспiн.

Соңғы сайлау қалай өттi? Тартысты болды ма? Алдыңғыларымен салыстырып көрiңiзшi.

– 2003 жылғымен салыстырғанда, әрi қиын, әрi жеңiл өттi. Менiң бiр түйгенiм, халықтың алдына бара беру керек екен. Тiптi саған қарсы болса да. Мен бұл сайлауда орын таңдаған жоқпын. Қақаған қыста далада да халықпен кездесу ұйымдастырдым. Жұртшылықты не толғандырады, соны барынша ұғынуға талпындым. Халық соқыр емес, сiздiң кiм екенiңiздi, кiмнiң жақсы, кiмнiң жаман екенiн бiр көргеннен-ақ бiле қояды. Кейбiр үмiткерлердiң кездесуге шақырған жиындарына келген халықтың «Ә, пәленше екен ғой…» деп есiктi сыртынан жапқанын да көрдiк. Құдайға шүкiр, барлық жерде менi халық жақсы қарсы алады, таниды, бiледi, соған ризамын.

– Сiзге қарсы қара пиар ұйымдастырылған шығар?

– Қара пиарсыз сайлау қызық бола ма?! Менiмен фамилияластарды тауып, додаға қосты. Халықты жаңылыстыруды көздедi. Аяқтан шалудың амалдарын жасап бақты ғой. Бiрақ бiр округтен үмiткер 3-4 жiгiт өзара лайықты бақ сынастық. Бiр-бiрiмiздi жамандаған жоқпыз.

– Үлкен аурухананың бас дәрiгерiсiз. Сайлаушыларыңыздың ортасына жиi барып тұруға уақыт табыла ма?

– Барудың қажетi жоқ. Қоғамдық қабылдау ашып қойдым. Әр учаскеде сенiмдi өкiлдерiм бар. Үй комитетi төрағаларымен тығыз байланыстамын. Әр сәрсенбi сайын осында бас қосамыз. Ақылдасамыз.

– Депутаттық мандатыңызды пайдаланып, өз мүддесiн тықпалайтындар кездесе ме? 

– Иә, ондай жағдайлар болып тұрады. «Менiң әкем пәлен қызмет атқарып едi. Соны «Құрметтi азамат» етiп берiңiзшi», «Балаларымызды оқуға түсiрiп берiңiзшi», «Жұмысқа алыңызшы», т.б. дейтiндер көп. Бiздiң Оңтүстiктiң қазақшылығы басым ғой. Сәл жақындап кетсең, жылы сөйлесең болды, өзiнiң жұмыстарын айта бередi. Бiрақ, қалай болғанда да, қолдан келгенше жәрдем беремiн.

– Ал, мандатыңыздың жеке басыңызға пайдасы тиетiн тұстары бола ма?

– Жоқ, мандатымды өз мүддеме пайдаланбаймын. Тiптi, куәлiгiмдi еш жерде көрсетпеймiн де. «Мен – депутатпын» деп жарияға жар салып неғыламын?! Халық өз дауысын «Мәди мандатты жеке мүддесiне пайдалансын, өз тiрлiгiн бiтiрсiн…» деп берген жоқ қой. Әр депутат осыны түсiнуi керек.

– Сiз қаншалықты белсендi депутатсыз? Сөзiңiз қаншалықты өтiмдi? Сессияларда пiкiр бiлдiрiп жатқаныңызды көп аңғара бермеймiз…

– Аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермей, сөйлей беру, менiң ойымша, белсендiлiкке жатпайды. Мысалы, кейбiреулер көп сөйлеп кетедi. Шынын айтайын, олардың көбiсiн ешкiм тыңдамайды да. Олар телевидениенiң, көпшiлiктiң алдында жақсы көрiнiп қалғысы келетiн сияқты. Сараптап отырсам, көбiне-көп олардың бастамалары өтпей қалады да, керiсiнше, үндемей жүрген депутаттар қыруар тiрлiк iстеп жатыр. Бiр мәселенi көтеру үшiн қызылкеңiрдек болудың не қажетi бар?! Әр нәрсенiң өз жолы бар: мәселенi тұрақты комиссияда қарау керек, әрi қарай түрлi басқармалармен жұмыс iстеу керек.

– Әрiптестерiңiзбен қарым-қатынасыңыз қай деңгейде?

– Жартысын жақсы танымаймын. Арасында бұрыннан жақын араласып жүрген азаматтар да бар. Мысалы, бiр мәселенi күн тәртiбiне шығарсам, 20 шақты депутат менi қолдайтынына бек сенiмдiмiн.

– Мәслихат жұмысының жемiстiлiгi жергiлiктi билiкпен тiл табысып, бәтуалы тiрлiк iстеуiне тiкелей байланысты екенi анық. Осы тұрғыдан алғанда, ОҚО әкiмi Асқар Мырзахметовтiң еңбегiне қандай баға бересiз?  

– Осы күнге дейiн талай әкiмдермен жұмыс iстедiк қой. Қаражат там-тұм едi. Облыстық клиникалық аурухананы басқарып тұрғанымда, облыс әкiмi Болат Жылқышиев-тын. Сонда дәрi-дәрмекке 50 миллион теңге бөлiнетiн. Қазiр бұл сома – бiздiң ауруханадағы бiр бөлiмнiң айлығы. Бiрақ соған қарамастан, Бөкең көп шаруа тындырды. Ал, атқарған жұмысының көлемi мен сапасына қарай бағаласам, Асқар Мырзахметов Асанбай Асқаровтан кейiн облысты гүлдендiрген екiншi басшы дер едiм. Көзге көрiнетiн небiр тiрлiктер жасап жатыр! Шағын және орта кәсiпкерлiктiң көшi уақыт өткен сайын iлгерiлеп барады. «Оңтүстiк» еркiн экономикалық аймағында бiрнеше кәсiпорындар, зауыттар iске қосылып, түрлi өнiмдер шығарылуда. Пайдалануға берiлiп жатқан әлеуметтiк нысандар қаншама! Тек қана дендробаққа екiншi өмiр сыйлағаны үшiн Асекеңе рахмет айту керек. Сырттан келген қонақтарды мен әрдайым сонда алып барамын, «Шымкентте мұндай бақ бар деп ойламаппыз» деп таңғалады. Сондықтан Мырзахметовке депутат ретiнде тек «5» деген баға қоямын.

Рас, ара-тұра кейбiр депутаттар облыс әкiмiн сынап жатады. Мұның бәрi тендерге қол жеткiзе алмаудың салдары деп ойлаймын. Тендерден қағылған соң, топтасып алып, өкпелейдi.

– Отбасыңыз жайлы бiлсек.

– Жұбайым – дәрiгер, невролог. Отыз жылдан берi Шымкент қалалық орталық емханасында невропатолог болып еңбек етiп келедi. Үш перзентiм бар: 2 ұл, 1 қыз. Үш немере сүйiп отырмыз. Екi ұлым да – заңгер. Қызым дәрiгерлiктi таңдады. Кардиолог болып жұмыс iстейдi. Қазiр Астана қаласында тұрады. Рас, ұлдарымның да дәрiгер болғанын қаладым, бiрақ өздерi бұл салаға барғысы келмедi.

– Хоббиiңiз қандай?

– Менiң хоббиiм – бильярд ойнау, аңшылық және тарихи кiтаптарды оқу.

– Биыл кезектi еңбек демалысыңызда шетелге шықтыңыз ба?

– Жоқ, Бурабайда демалдым.

– «Францияға барып қайтты» деп естiп едiк…

– Францияға хирургтер конгресiне қатысу үшiн бардым. Ол жақта 3 күн болдым. Биылғы демалысымды Бурабайды өткiзгендi құп көрдiм.

– Биылғы сайлаудың тұсында жиi сыналдыңыз ғой. Орынбасарыңызға қатысты бiраз мақалалар жарияланды. Жай ма?

– Ол жағын бiлмеймiн. Ешкiмге жаманшылық жасаған жоқ едiм. Бәрiне қолдан келгенше жәрдем беруге тырысамын. Шынымды айтсам, сол сындардың астарын түсiнбедiм.

– Әңгiмеңiзге рахмет!

Сiз не дейсiз?

 

Болатбек ӘЛИЕВ, Оңтүстiк Қазақстан облысы әкiмiнiң орынбасары

– Мәди Хожаұлы – мықты хирург ретiнде өзiн мойындатқан азамат. Өте сауатты. Бiрнеше жылдан берi денсаулық сақтау саласының ыстық-суығына төзiп, мол тәжiрибе жинақтап келедi. Кәсiби бiлiктiлiгi жоғары маманға жұртшылық әрқашан ерекше құрметпен қарайтыны белгiлi. Шипа iздеп келген ешбiр жанның бетiн қайтармайды. Хал-қадерiнше көмек қолын созады. Қызметiне адал, науқастарға қамқор, мiне, осындай азаматтардан жас дәрiгерлер үлгi алып, бiлiмдерiн тереңдетiп, үйренуi тиiс.

 

 

 

 

 

 

 

 

Сiз не дейсiз?

 

Нұрлан СЕЙIТЖАПАРОВ, кәсiпкер, саясаткер:

– Мәди Биғалиев – өте жоғары дәрежедегi маман. Хирург ретiнде бiздiң облыста онымен теңесетiндер жоқ-ау. Талай адамдар өмiрде аман-есен қалғаны үшiн оған қарыздар. Мәди болмаса, мен де әлдеқашан о дүниеге аттанып кетер едiм. 2003 жылы қатты жараланғанымда, 4 сағат бойына операция жасап, тiрi қалдырған – сол Мәди. Әлi есiмде, өлiм аузында жатқанымда, басқа дәрiгерлер әрi-берi қарап, жәрдем бере алмады, «Ертең таңертең қараймыз» дедi де, қойды. Ал, таңертеңге қалдырса, мен ол уақытқа жетпей, үзiлер едiм. Жанашыр досым сол мезетте Мәди Хожаұлын алып келдi. Ол кiсi «Жоқ, кейiнге қалдыруға мүлде болмайды, операцияны тап қазiр бастау керек» деп шештi де, түнгi бiр жарымнан таңғы алтыға дейiн менi ажал аузынан арашалап қалу үшiн арпалысты. Мiне, соның арқасында бүгiн жер басып жүрмiн. Оның адамгершiлiгi қасиетi өте жоғары, мәдениеттi, кәсiбiне мейлiнше адал. Науқастардың барлығына жанашыр, кiм болса да, өзi операцияға кiрiсiп кетiп, жәрдем беруге дайын тұрады. Бiзде осындай азаматтар көп болса, Қазақ елiнiң болшағы зор деп есептеймiн.

 

 

 

 

 

Сiз не дейсiз?

 

Әнуарбек МАЙМАҚОВ, Оңтүстiк Қазақстан облыстық балалар ауруханасының бас дәрiгерi:

– Мәди Хожаұлы – Оңтүстiк Қазақстан облысының бас хирургi болып еңбек етiп келе жатқан азамат. «Алтын қолды хирург» деп атауымызға толық құқығымыз бар. Мен ОҚО Денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары болып тұрған кезде, ауыр босанған әйелдердiң барлығына Биғалиевтi шақыртып, операция жасататын. Докторлық диссертациясын да қорғады. Сонымен қатар қазiргi таңда облыстық мәслихаттың депутаты. Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасын басқарып отыр. Мұнда науқастар жоспарлы түрде емес, аяқ астынан алған жарақаттарына байланысты келiп түседi. Яғни хирургияның ең жанып тұрған жерi. Осындай мекеменi абыроймен тiзгiндеуде. «Молданы адам қорыққанда мойындайды» демекшi, сырқатымыз жанымызға батқанда дәрiгердi iздеймiз. Сол сияқты хирургиялық көмек керек болса, ең бiрiншi Мәдиге жүгiнемiз. Негiзi, әрi хирург, әрi шебер ұйымдастырушы болып жүргендер некен-саяқ. Себебi, операциямен айналысу көп уақыт пен iзденiстi қажет ететiндiктен, мекеменi басқаруға қолы тие бермеуi мүмкiн. Алайда Мәди бұл екеуiн де қатар алып жүр. Шынын айтқанда, Мәкеңнiң қазiргi қызметке келуi жеке басының абыройына тiкелей байланысты. Қолы жеңiл. Мұны кiмнен сұрасаңыз да, айтып бередi. Сол үшiн де оны сыйлайды. Бұл – Құдайдың берген абыройы. Екiншiден, өзiнiң бiлiмдiлiгi. Үшiншiден, қараша халықпен тiл табысып, сөйлесе алатындығы. Мәдидi сыйламайтын, бiлмейтiн адам аз. Менi бiлмей қалуы мүмкiн, ал, Мәдидi бiледi. Мәди бас дәрiгер болсын-болмасын Мәди болып келе жатыр. Жұрт алыпқашпа сөз айта бередi ғой. Хирург ретiнде оны ешкiм жамандай алмайды, ал, басшы болған соң, бiреуге қатты, бiреуге жай сөйлеу керек, бiреудi жұмысқа қабылдайды, бiреудi босатады.

Сұхбаттасқан Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК.