БІЗ АПАТ ТУДЫРАТЫН ЖАҒДАЙЛАРДЫ ЕСКЕРТЕМІЗ

«Апат – айтып келмейді». Алайда апат тудыратын жағдайларды ескертеміз. Сіздің міндет одан нақты нәтиже шығару.

Түркістан қаласындағы «Газ инспекциясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің инспекторы Жанболат Тұяқбаев uakit.kz жолдаған сұрақтарға жауап беру кезінде тұрғындарға осылай ескерту айтты.

Ендеше сұхбаттың толық нұсқасын назарларыңызға ұсынамыз.

Сіздердің жұмыстарыңыздың басты мақсаты тұрғындардың табиғи газды қауіпсіз пайдалануы болып табылады. Түркістан қаласында 40 мыңға жуық абонент көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Оның бәріне түсіндіру жұмыстары жүргізілді ме? Жалпы аралау жұмыстары қашан басталды? Қай уақытқа дейін жалғасады?

– Иә, дұрыс айтасыз. Біздің мақсат тұрғындардың көгілдір отынды қауіпсіз пайдалануын бақылау, қадағалау болып табылады. Осы мақсатта Түркістан қалалық «Газ инспекциясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2021 жылдың тамыз айында құрылды. Сол уақыттан бері бүгінге дейін инспекция қызметркелері 24000 мыңға жуық үйді араланды. Түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда қалада 40 мыңға жуық жеке сектордағы үй бар. Оның 38 мыңға жуығы табиғи газға қосылған. Біз жыл он екі ай осы үйлерде аралау жұмыстарын қамтып, газды қауіпсіз пайдалану бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземіз. Жоғарыда 40 мыңға жуық жеке үйлерді аралайтынымызды айттым. Одан өзге І және ІІ мөлтекаудандағы 75 көпқабатты үйлер мен Жаңа қаладағы 50 көпқабатты  үйлердегі пәтер иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Әр жылда бір үйге кем дегенде екі рет түсіндіру өткізіледі. Анықталған кемшіліктер бойынша біз тұрғындарға ескерту беріп, тиісті хаттама түземіз.

– Аралау жұмыстары кезінде тұрғындар тарапынан наразылықтар болады ма? Осы тұрғыда Сіздің азаматтық пікіріңізді біле кетсек.

– Міндетті түрде ондай жағдайлар көп кездеседі. Жоғарыда мекемеміздің 2021 жылы құрылғанын айттым. Сондықтан да көптеген тұрғындар біздің мекемені біле бермейді. Сол үшін де кейбір адамдар бақылау-қадағалау жұмыстарын жүргізу кезінде үйлеріне кіргізбей жатады. Біз бәрін тәптіштеп айтып, барлығы да тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан жұмыс екенін түсіндіреміз. Міндетті түрде өзімізді таныстырамыз. Әрине бұл жерде ол кісілерді де түсінуге болады. Себебі қазір коммуналдық қызметтің атын жамылып, есік қағатын алаяқтар көбейіп кетті. Сондықтан да тұрғындардың сақтық танытып, әбден көз жеткізген соң ғана газ жүйелерін тексеруге рұқсат беруін оң қабылдаймын.

– Газды қауіпсіз пайдаланудың ережесі қандай?

– Тұрмыста табиғи газды қауіпсіз пайдаланудың өз ережесі бар. Атап айтқанда газ құралдарының, мұржалардың және желдеткіштердің жұмыстарын қадағалап отыру қажет. Газ құралдарын қосқан кезде түтіннің мұржа арқылы шығуына әбден көз жеткізіңіз. Газды қолданғаннан кейін газ құралдарының кранын жабу, ал газ баллондары ас үйдің ішінде болған жағдайда баллондардың вентилін қосымша жабу қажеттігін қаперден шығармаған абзал. Газ құралдарында ақау болса оны пайдалануды жедел тоқтатып, газ шаруашылығы мекемесінің қызметкерлерін шақыру керек. Газ беру күтпеген жағдайда тоқтап қалса 104 телефон нөмірін теріп,  апатты қызметті шақыртыңыз. Газ иісі сезілген жағдайда да апатты қызметке қоңырау шалыңыз.  Ең маңызды мәселе әрбір газ құралын мақсатты пайдалану керек. Мысалы, газ плитасымен үй жылытуға болмайды.

– Абоненттердің ішкі газ жүйелеріне қызмет көрсетуге мамандандырылған (ВДГО) және ішкі түтін шығару жүйесін тексеретін (ВДС) мекемелермен келісім шарттың болуы қаншалықты маңызды? Бұл мекемелермен келісім шартқа тұрмас алдын тұрғындар нені білуі керек? Олар не істеуі керек?

– ҚР «Газ және газбен жабдықтау туралы»  Заңының 19-бабы бойынша әрбір газ тұтынушы абонент жылына бір рет ішкі газ жүйелеріне қызмет көрсетуге мамандандырылған мекемемен (ВДГО)  және  ішкі түтін шығару жүйесін тексеретін (ВДС) мекемелермен келісім шартқа отыруға міндетті.  Қалада мұндай қызмет түрін көрсететін бірнеше мекеме бар. Олардың ішінде қандай мекемемен келісім шартқа тұруды тұрғындардың өздері таңдайды. Заң бойынша ондай мекемелермен келісім шарт түзілмесе газды пайдалануға тыйым салынады.

Газды қауіпсіз пайдаланудың тағы бір кепілі техникалық құжаттың (ИТД) болуы екенін алға тартасыздар. Осы жөнінде айтып кетсеңіз.

– Газ жүйесінің жүргізілгені жөніндегі техникалық құжаттың (ИТД)  болуы міндетті. Себебі ол кез келген үйдегі газ жүйесін жүргізудің сызбасы көрсетілген құжат. Алда қандай жағдай болатыны белгісіз. Мысалы жеке сектордағы үй бұзылуы мүмкін немесе өзгертілуі де ғажап емес. Сол кезде газ жабдығын алу, оның орнын ауыстыру жұмыстары техникалық құжаттағы сызбаға қарап жасалады. Біз үйлерді аралау кезінде газ жүйелері мен жабдықтарын техникалық құжаттағы сызбаға қарай салыстырамыз. Сол кезде біз көрген жағдай техникалық құжаттағы сызбамен сәйкес келмесе, бұл абоненттің қауіпсіздік алаңын сақтамағаны болып есептеледі. Мұндай жағдайда газды пайдалану тоқтатылады.

– «Газ инспекциясы» қандай жағдайда абоненттерді газдан ажыратуға құқылы. Жыл басынан бері «Газ инспекциясы» тарапынан қанша абонент газдан ажыратылды. Және оның қаншасы газға қайтып қосылды?

– Түркістан қалалық «Газ инспекциясы» мекемесі абоненттерді көгілдір отынды қауіпсіз қолдануды бақылау-қадағалау барысында қандай да бір апатты немесе апат туғызатын жағдайды анықтаса тез арада газ беруді тоқтатуды қолға алады. Олар қандай жағдай? Мұржаның дұрыс орнатылмауы, қазандықтардың нормативке сай болмауы, газ жүйесінің нормативке сай болмауы деген сынды. Өткен жылдың тамыз айынан бері бүгінде дейін инспекция тарапынан барлығы 18 үй газдан ажыратылды. Оның ішінде 14 үйде анықталған кемшіліктер бойынша қателіктер реттеліп, газға қайта қосылды.

– Кез келген үйде газ плитасы, жылыту пештері бар. Олардың орналасуы туралы ережені айта кетіңізщі. Мәселен, су жылыту қондырғыларын қалай қолданып, қай жерге орнату керек деген сынды…

– Ең бірінші талап әрбір жеке тұрғын үйде қазандықтар, су жылыту қондырғылары жеке бөлмеде орналасуы тиіс. Және олардың алаңы кемі екі шаршы метрден кем болмауы керек. Кейбір үйлер қазандықтарды жуынатын бөлмеге қояды. Ал ол жердегі ауада дымқыл басым. Бұл құбырлардың, шлангтың шіруіне әкеп соқтырады. Жатын бөлмеге де жылыту пештерін қоюға мүлдем болмайды. Және жылыту пештерінің айналасында кем дегенде 1 метр қашықта заттар қою қауіпті.

– Маман ретінде тұрғындарға газды пайдалану жөнінде қандай кеңес айтасыз?

– «Бір орманның кетуіне өртеніп, жетіп жатыр сіріңкенің бір басы» деген сөз тегін айтылмаған. Кез келген сақтық шаралары Сіз жен Сіздің айналаңыздағы адамдар үшін аса маңызды. Газды қауіпсіз пайдалану бойынша мамандар айтқан, олар мән беріп анықтаған кемшіліктер бойынша берілген ескертулерге шұғыл түрде назар аударыңыз. Олқылықтың орнын толтырып, қауіпсіздікті қамтамасыз етіңіз. Немқұрайлық танытып, кейін бармақ тістеп жүрмеңіз. Апат айтып келмейді. Алайда апат тудыратын жағдайларды біз айтып, түсіндіреміз. Сіздің міндет одан нақты нәтиже шығару. Сол кезде таңыңыз арайлап атып, түніңіз тыныш болады. Әрбір жылыту маусымында мұржаларды, газ жабдықтарын тексеріп алуды дәстүрге айналдырыңыз.