КӨПҚАБАТТЫ ҮЙЛЕРДІ ҚЫСҚЫ ЖЫЛУ ЖҮЙЕСІНЕ ҚОСУ ЖАЛҒАСУДА
Шымкентте жылу жүйелеріне қосу жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды Uakit.kz.
Шымкентте жылу беру маусымы 20 қазанда басталған болатын. Қазіргі кезде қаланың барлық көпқабатты тұрғын үйлерін жылу жүйелеріне қосу жұмыстары жүргізіліп, толықтай қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда.
Атап айтсақ, Абай ауданында жалпы 419 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның ішінде 350 үйге жылу толықтай берілген. Қалған 69 көпқабатты тұрғын үйлерді жылу жүйелеріне қосу жұмыстары жүргізілуде. Жылу берілмеген үйлердің ішінде Гагарин, Пошанова, Байтіленов, Асқаров, Нұрпейісова, Темірлан тас жолы көшелеріндегі үйлер бар. Қазіргі таңда «Қуатжылу орталық-3» мекемесінен 12 адамнан тұратын 3 бригада жұмыс атқаруда.
30 қазанға дейін ауданға қарасты көпқабатты үйлерге жылу беру толықтай беру аяқталмақ.
Осы тұрғыда қала тұрғындарының назарына жылуды қосу жұмыстары кезінде мына жайттарды назарға алуға шақырамыз. Жауапты мекеме жылуды көпқабатты үйдің жертөлесіне дейін жеткізеді. Ары қарай тұтынушылар өздері жылу жүйелерінің қауіпсіздігін, құбырларды шаю мен қысымын тексеру, сығамдау жұмыстары, жылу қарызын есептеу және оны өтеу жұмыстарын атқаруы қажет.
Естеріңізде болса, жуырда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың төрағалығымен қыс маусымына дайындық жұмыстары турасында жиын өткен болатын. Онда тиісті сала басшылары жылу маусымына дайындық жұмыстарын баяндады. Соңғы көрсеткіштерге сүйенсек, қазіргі уақытта үшінші мегаполисте 18 жылу қазандығы дайын тұр. Халыққа қажет көмір қоры да жеткілікті. Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Булатбековтың айтуынша, инфрақұрылым жүйелерінің жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Игілік, Жиделі және Сайрам тұрғын алаптарын сапалы электр қуатымен қамту жұмыстары, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ тарапынан газ қысымын өлшеу жұмыстары және «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС-на қарасты су құбырларын қайта жаңғырту жұмыстары толық орындалған.