ШЫМКЕНТТІКТЕР «ЧАК-ЧАК БАЙРАМЫ» АТАП ӨТТІ

107
0
Шымкент қаласында 25 қазан — Республика күні мерекесі аясында татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен «Чак-чак байрамы» іс-шарасы өтті, деп хабарлайды  Uakit.kz.
Шымкенттегі «Достық» үйінде татар-башқұрт этномәдени бірлестігі Республика күніне орай «Чак-чак байрамы» мерекесін атап өтті. Татар ұлтының ең тәтті мерекесі аталып кеткен жиынға татар-башқұрт, өзбек, корей және өзге этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында татар шығармашылық ұжымының концерттік бағдарламасы ұсынылып, шығармашылық ұжымының орындауында халық әндері шырқалып, чак-чак мерекесінің басты тағамынан көрме жасақталып, әдет-ғұрыптары көрсетілді. Мерекелік басқосуда қалалық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Ербол Байқонақов жиылған қауымды Республика күнімен құттықтап, елдің ішкі бейбітшілігін сақтауға үлес қосып отырған этномәдени бірлестіктерге алғысын жеткізді.
«Күні кеше 25 қазан – Республика күнін тойладық. Сіздерді Ұлттық мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Бүгінде Шымкент қаласында 10 мыңнан астам татар-башқұрт этносының өкілі бар. Саны жағынан қаладағы ірі 5 этностың құрамына кіреді. Өз болашағын Қазақстанмен байланыстырған татар-башқұрт этномәдени бірлестігі қоғамдық келісімді сақтау саясатын іске асыруға сүбелі үлес қосып келеді», — деді Ербол Сүлейменұлы.
Шымкент қаласының қоғамдық-саяси дамуына үлес қосып жүрген татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің бірқатар белсенді мүшесіне қала әкімі мен ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы және «Қоғамдық келісім» КММ тарапынан алғыс хаттар табысталды.
Одан кейін, шығармашылық ұжымдар әзірлеген концерттік бағдарлама ұсынылып, татар ұлтының тарихы жөнінде деректі фильм көрсетілді.
Айта кету керек, жуырда «Достық» үйінде «Қазақ дастарханы» іс-шарасына ұйымдастырылда. Қаламыздағы сан этностың ынтымағын ұйыстырып, бірлігін бекемдейтін Достық үйінде Шымкент қалалық ҚХА жанындағы этномәдени бірлестіктер төрағаларының ұйымдастыруымен қазақ халқының ас мәзірінен құралған тағамдармен қатар, өзге этностардың да тағамдары дастарханға ұсынылды.