ШЫМКЕНТТЕ САЯБАҚТАР МЕН ГҮЛЗАРЛАРҒА 4 МЫҢ ТҮП АҒАШ КӨШЕТТЕРІ ЕГІЛЕДІ

104
0
Шымкенттің жасыл белдеуін қалыптастыру, көшелерді көгалдандырып, саябақ аумақтарын дамыту мақсатында бірқатар бастамалар қолға алынуда, деп хабарлайды Uakit.kz.
Шаһар басшысының қала аумағындағы жасыл желек көлемін ұлғайту тапсырмасына орай, көшелерге, аулалар мен саябақтарға ағаш көшеттерін егу жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Атап айтқанда, Орталық, Абай, Тәуелсіздік саябақтарына және Чернобыль құрбандарын еске алу мен А.Асқаров атындағы дендрологиялық паркіне жалпы саны 250-дей туя, арша, жай жапырақты ағаш көшеттері отырғызу жұмыстары қолға алынды. Алдағы уақытта қала аумағында орналасқан саябақтар мен гүлзарларға 4000 түп ағаш көшеттері егілетін болады.
Айта кетейік, жуырда ғана Республика күніне орай шымкенттіктердің тынығып, серуендеуі үшін қала аумағында бірқатар саябақтар мен гүлзарлар пайдалануға берілген болатын. Енді қала тұрғындары тынығатын гүлзарлардың қатары тағы бір нысанмен толығып жатыр. Аталған нысанды пайдалануға беру рәсіміне қала әкімінің өзі қатысқан еді. Гүлзар алдағы уақытта тынығып, серуендеуге арналған орындардың қатарына кіретініне күмән жоқ. Онда тұрғындар үшін яғни демалып, тынығуына барлық жағдайлар қарастырылған. Онда орындықтар, қоқыс жәшіктері, арнайы ағаштан жасалған “pergola” (шатыр), селфи аймағы, әткеншектермен заманауи стилді жарықшамдар орнатылған. Ал тақтатастары фортепиано пернелері іспеттес төселген.
Бұдан бөлек, қала аумағындағы өзендер мен каналдарды тазалау, ретке келтіру жұмыстары да жүргізілуде. Соңғы бір аптада Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасына қарасты Жаңа шек, Бозарық, Чинат-1, Ынтымақ, Қос-диірмен каналдарын тазалау, ретке келтіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ басқарманың тапсырмасымен мердігер мекеме қызметкерлері Республика даңғылы мен Алматы тас жолы арқылы өтетін Қошқар-ата мен Республика даңғылының бойындағы Қарасу өзенін де қоқыстан тазартты.
Күз, қыс айларындағы жауын-шашын әсерінен судың канал мөлшерінен асып, тасу қаупінің алдын алу жұмыстары жүргізілді.
“А-III group” мердігер мекемесіне басқарма тарапынан тапсырма беріліп, тазалау жұмыстарына 40 қызметкер мен 4 камаз, 2 экскаватор жалпы саны 6 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде каналдар мен өзен бойлары 200 тоннаға жуық қоқыстан тазартылды.