ТАУДА ЖОҒАЛСАҢЫЗ НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

160
0

Соңғы жылдары туристердің немесе кәсіби саяхатшылардың тауда жоғалу жағдайы жиі тіркелетін болды. Мысалы, өткен жылдың мамыр айында Түркістан облысындағы «Сайрам-Өгем» Ұлттық паркіндегі тауға саяхатқа шыққан 7 студентті құтқарушылардың шарқ ұрып іздегені әлі есте. Іздеу жұмыстары 27 тәулік бойына жалғасты. Нәтижесінде оның үшеуі құтқарылып, қалған төртеуінің денесі табылған. Өкінішті жағдайды болдырмас үшін Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері таулы жерлерде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап, дайындықсыз тауға шықпауды қатаң ескертеді.

Және тауда жоғалған жағдайда өзін қалай ұстау керектігі туралы басқарма қызметкерлерінің нұсқаулықтарын uakit.kz назарларыңызға ұсынады.

Сарапшылар тауларда жаңадан бастаушылар ғана емес, тәжірибелі саяхатшылар да жоғалуы мүмкін екенін алға тартады. Егер адам тауда бір рет жүретін маршрут бойынша жүрсе де, оның жоғалу мүмкіндігі бар. Бағдарды жоғалту қаупі қыста немесе кешке, ымырт басталған кезде артады. Бір адам да, адамдар тобы да жоғалуы мүмкін.

Тауда адасып қалсаңыз дүрбелең салмаңыз. Өзіңізді ұстай отырып, туыстарыңызбен және құтқару қызметімен 112 нөмірі бойынша құтқару қызметіне хабарласып, қажетті ақпаратты беруге тырысыңыз.

Егер ұялы байланыс болмаса, сіз өз күшіңізге сенуіңіз керек. Ашық жерде отырыңыз және құтқарушыларға қараңғыда от жағып, күндіз жарқын киімдерді мүмкіндігінше жоғары іліп қою арқылы сигнал беріңіз.   Ағаш арасында, жоталардың қуысында жүрмеңіз. Тағы бір қаперде ұстайтын жәйт, ұйықтамаңыз. Қалың ұйқыға берілген адам құтқарушылардың дауысын естімей қалуы әбден мүмкін. Сондықтан түнгі уақытта от жағып, барынша сергек болу керек.

Сапарға жалғыз шықпаңыз. Тауға кемінде екеулеп шыққан абзал. Қандай жағдай болмасын тауға саяхат жасамас алдын сапарыңыз туралы  туыстар мен таныстарға ескертіңіз. Саяхат алдын картадан жүріп өтетін жолыңызды сызып, алдын-ала дайындалыңыз. Сызбаның көшірмесін туыс-танысқа беріп кетіңіз. Бұл сіз жоғалған жағдайда іздеу жұмыстарына жақсы көмектеседі.

Тауға шығар алдында керек заттың барлығын алғаныңызға көз жеткізіңіз. Қалта шам, қағаз карта, төсек қап, жаздыгүні шықсаңыз да жылы киім, пышақ, сіріңке сияқты төтенше жағдайда керек болатын заттың барлығы сөмкеде болғаны дұрыс.