АГРОПРОМДЫҚТАРДЫҢ МӘСЕЛЕСІ ЖУЫҚ АРАДА ШЕШІМІН ТАБАДЫ

85
0

Шымкент қаласында инженерлік инфрақұрылым саласында ауқымды бастамалар қолға алынып, жүзеге асырылып келе жатыр. Бүгінгі таңға дейін қалаға қарасты елді мекендер мен ықшамаудандардағы өзекті де өткір мәселелердің бірқатары шешімін тапты. Нақтырағы, сапалы ауыз су, электр жарығы мен көгілдір отын тартылды. Жолдар күрделі жөндеуден өтіп, сапасы жақсара түсті. Жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. Жуырда агропромдықтардың тағы бір толғақты түйіні шешімін таппақ. Тарқатайық…

Абай ауданы Агропром шағын ауданында 308  отбасы қоныстанған. Халық саны 1232 адамды құрайды. Бүгінде шағын аудан, сапалы электр қуатымен, табиғи газбен, және ауыз сумен толық қамтылған. Агропромда жалпы саны 11 көше бар, оның 10-ы асфальт, 1-еуі шағал.  Сапалы интернетпен қамтамасыз ету мақсатында жоба құрылысы жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары 2023 жылы аяқталады деп жоспарлануда. Жалпы бүгінгі таңда шалғай орналасқан елді мекендерді сапалы интернетпен қамтамасыз ету жөніндегі қала әкімі Мұрат Әйтеновтің тапсырмасына сәйкес, Қайтпас-1 және Құрсайда оптикалық желі арқылы жоғары жылдамдықты интернетпен қамту жұмыстары жүргізілуде. Жұмыс толығымен аяқталса, Құрсай шағын ауданы 100 пайыз оптика желісімен қамтылып, тұрғындар сапалы интернетті қолдана алады. Ал Қайтпас-1-де Академиялық, Ғалымдар, Аққайнар көшелеріне оптика желісі тартылады. Көркем және Али Түзелбаев, Астық көшелеріне магистралды желі кабельдері тартылды. Сонымен қатар серверлік үй-жайда порттарға қосу жұмыстары атқарылып, Wi-fi роутерлардың конфигурациялары жазылды. Қыркүйек айына дейін жалпы 80 көше толық оптика желімен қамтылып, аталған елді мекен тұрғындары сапалы интернетке қосылуға мүмкіндік алмақ. Бұған дейін қалалық цифрландыру басқармасының басшысы Әсет Әбдіраманов ақпараттық-коммуникациялық орталығында арнайы баспасөз брифингін беріп, тұрғындарды толғандырған біршама сауалдарға жауап берген еді. «Ағымдағы жылы мобильді байланыс операторларымен интернет сапасы төмен 12 елді мекеннің координатасы келісіліп, сәулет қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы тарапынан жер телімдерін рәсімдеу жұмыстары атқарылып, инвесторға ұсынылды. Бүгінде инвестор тарапынан Ақниет, Қызылжар, Игілік, Жаңаталап, Тәуелсіздікке 20-жыл, Азат, Тұран, Асар елді мекендерінен анықталған жер телімдерін қазу, бетон құю және антенна-мачталық құрылғыларды орнату жұмыстары атқарылуда. Ал жеке нысан иелерімен келісу арқылы Елтай, Тоғыс, Маятас және Бозарық елді мекендеріне базалық станция орнатылып іске қосылды. Тиісті жұмыстар жыл соңына дейін атқарылса, 71 000 жуық қала тұрғындарын сапалы мобильді интернетпен қамтылып, жыл соңында сапалы интернетпен қамту үлесі 95%-ға жетеді деп жоспарлануда» деген еді басқарма басшысы өз сөзінде.