ҚАРАТАУЛЫҚТАР ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕНІ ТАМАША КӨҢІЛ КҮЙМЕН АТАП ӨТТІ

101
0

Ұлттық мереке — Республика күнін Қаратау ауданының тұрғындары да көңілді күймен тойлап, атап өтті. Мерекеге орай ұйымдастырылған іс- шара барысында аудан әкімі Рақымберді Мулкеманов тұрғындарды Ұлттық мерекемен құттықтап, айтулы күннің маңыздылығына тоқталды.

«Республика күні – елдің мемлекет кұру жолындағы тарихи қадамының символы. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Республика күні ұлттық мереке мәртебесі қайтарылып, айтулы датаны баршамыз қуана тойлап жатырмыз. Ал, Тәуелсіздік күнінің алғашқы мәні сақталып, мемлекеттік мереке болып қала бермек.  Құрметті аудан тұрғындары, сіздерді еліміздің бостандық алған күні – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!»- деді Рақымберді Жанысбекұлы. Мерекелік жиынға қатысқан ауданның экономикалық дамуы мен өркендеуіне үлес қосқан бір қатар азаматтарға Алғыс хат табысталды. Соңы концерттік бағдарламаға ұласып, ән мен жырдан шашу шашылды.  Айта кету керек, «Көрме» орталығында Ұлттық мерекеге арналған салтанатты шара өткен болатын. Оған шаһар басшысы Мұрат Әйтенов, қалалық мәслихат депутаттары, құқық қорғау орган басшылары мен қызметкерлері, сот, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдары қатысты. Шараның ерекшелігі турасында тарқата айтсақ, салтанатты іс-шара Алаштың айбынын асқақтатып, мерейін үстем ететін арнайы бейнероликтен басталды. Егемен еліміздің өткені мен келешегі сараланып, ұлы дала халқының дархандығы мен дара көңілі көрсетілді. «Сазген сазы» фолькорлық-этнографиялық ансамблі «Бақтыбайдың күйімен» қазақтың сыры мен сазын әуелетіп жеткізді. Бұдан соң қала әкімі сөз алып, құттықтауын жеткізді. Республика күні — туған еліміздің егемендігі бастау алған күн. 1990 жылдың 25 қазанында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғарғы кеңесі мемлекеттік егемендік туралы Декларация қабылдады. Дәл осы күні Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. 13 жылдан соң, дәл биыл Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі қайтарылып, бостандық пен еркіндіктің бастауы болған айтулы датаны барша халық қуана тойлауда. Сын сағаттарда сүрінбей, еңсесін тік ұстай білген еліміздің жеңісті сәттерінен сөз саптаған шаһар басшысы Ұлттық мереке – Республика күніне Шымкент қаласының да зор жетістіктермен жеткенін қысқа-нұсқа баяндап берді.