САЛҒЫРТТЫҚ СОҢЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕГЕ АЙНАЛМАСЫН ДЕСЕК…

72
0

Жайлы ортаны қалыптастыру жергілікті атқарушы биліктің ғана желкесіне артылған жауапкершілік емес. Өз кезегінде, тұрғындар да қоршаған ортаның тазалығына айрықша мән беруі керек. Әр азамат ауласын мұнтаздай таза етіп ұстаса, қаланың көркіне де көрік қосары бесенеден белгілі. Ал әкімдік тарапынан қала аумағындағы өзендер мен каналдардың бойын қоқыстан тазарту сынды жұмыстар бүгінде жүйелі түрде атқарылып келеді. Жуырда ғана бірнеше күн қатарынан жауған жаңбырдың салдарынан біраз мәселелер туғаны белгілі. Қазіргі таңда сол жаңбыр суынан келген түйткілдің түйінін ағыту бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Тарқатар болсақ, соңғы бір аптада Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасына қарасты Жаңа шек, Бозарық, Чинат-1, Ынтымақ, Қос-диірмен каналдарына және Қошқар-ата мен Қарасу өзендеріне тазалау, ретке келтіру жұмыстары жүргізілді. Күз, қыс айларындағы жауын-шашын әсерінен судың канал мөлшерінен асып, тасу қаупінің алдын алу жұмыстары жүргізілді. Мұның өзі тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қолға алынып жатыр. Тазалақ саласына жауапты қызметкерлер күн сайын өзендер мен каналдардың бойын қоқыстар тазартып, арналарын ашуда. Аталған жұмыстар атқарылмаса, жаңбыр жауған уақытта арнаның бойы қоқысқа толып, су тасқыны орын алары белгілі.  Қазіргі уақытта «А-III group» мердігер мекемесіне басқарма тарапынан тапсырма беріліп, тазалау жұмыстарына 40 қызметкер мен 4 камаз, 2 экскаватор жалпы саны 6 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде каналдар мен өзен бойлары 200 тоннаға жуық қоқыстан тазартылды. Жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Алда келе жатқан жылу маусымы кезінде мұның маңызы айрықша зор. Қыстай мұз қатып, арнаның ауызы жабылса, бірқатар ауыртпалықтар әкелері анық. Сондықтан тазалық саласына жауапты мекеме жұмысы жандана түскен. Бір айта кетерлігі, өзен арналарының бітелуіне тұрғындардың жауапсыздығы да сеп болады. Өйткені үйден шыққан қоқысты өзен арнасына тастай салатын тұрғындар баршылық. Мұның өзіне емес, өзгелерге мәселе тудыратынын әр азамат ұмытпауы тиіс. Қалада жайлы да қауіпсіз ортаға айналдыруға әрбіріміздің қосар үлесіміз жоғары. Сол себепті салғырттыққа жол беруге әсте болмайды.