ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨТІНІШІ НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛҒАН ЖОҚ
Шымкентте биыл жыл басынан бері, жоспарға сәйкес ішкі орам көшелеріне басымдық берілуде. Онымен қоса, Әл-Фараби ауданына қарасты Сапарбаев көшесін жөндеуден өткізу өтініші қала әкімінің тұрғындармен кезекті кездесуінде айтылған болатын. Нәтижесінде шаһар басшысының бекіткен іс-шара жоспарына енгізіліп, ұзындығы 450 метрге жуық Сапарбаев көшесінің тұйығына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Бүгінде қаламызда жөндеу жоспарланған 308 көшенің 247-сінде жұмыстар толығымен аяқталған. Ал, қалған 39 көшеде қазан айының соңына қарай жөндеу жұмыстары толық аяқталып, тұрғындар игілігіне пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. 2021-2025 жылдарға арналған жұмыс жоспарына сәйкес қала аумағындағы елдімекендердің көшелері түгел орташа жөндеуден өткізілетін болады. Жалпы Шымкентте биыл жол инфрақұрылымын дамыту үшін 352 шақырым көшеде жол құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін 283,8 шақырымын пайдалануға беру жоспарланған. Қала әкімі Мұрат Әйтенов құрылыс нысандарын аралап, жұмыс барысымен танысып келеді. 1-кезеңге сәйкес Өтегенов көшесінің жалғасы «Шымкент Сити» шағынауданынан Сырым батыр көшесі аралығын қамтиды. Кезеңнің жалпы ұзындығы 970 метр, ені — 28 метр. Жолдың жүріс бөлігі 4 жолақты. Қазіргі таңда, автомобиль жолына жер негізін жасау және тығыздау жұмыстары атқарылды. Сонымен қатар, асфальтбетон қабатын төсеу жұмыстары жүргізілуде. 2-кезең бойынша Өтегенов көшесі жалғасының құрылысы Сырым батыр көшесі мен Төлеметов көшелері аралығын қамтиды. Жолдың ұзындығы — 970 шақырым, ені — 23,5 шақырым. Автомобиль жолында 4 жолақты жүріс бөлігі қарастырылған. Құрылыс жұмыстары 2021-2023 жылдар аралығына жоспарланған. Шымкентте биыл шалғайда жатқан шағынаудандар мен елді мекендердің ішкі орамдық көшелерін жөндеуге басымдық беріліп келеді. Нәтижесінде үшінші мегаполистегі жақсы және қанағаттанарлық көшелердің үлесі айтарлықтай артпақ.