АБАЙ АУДАНЫНДА «СТАНДАРТ» ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҒЫ АШЫЛАДЫ

105
0
Шымкент қаласындағы Абай ауданында орналасқан бұрынғы Қорғасын зауытының орнында шағын және орта бизнеске арналған «Стандарт» индустриалды аймағы ашылады, деп хабарлайды Uakit.kz.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің жанындағы ақпараттық-коммуникациялар орталығында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» атты Жолдауы аясында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баспасөз брифингін өткізген Абай ауданының әкімі Бұқарбай Парманов мәлімдеді.
«Мемлекет басшысы Жолдауда 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейтуді тапсырды. Осыған орай «Стандарт» жеке индустриалды аймағы салынуда. Мұнда шағын және орта бизнес субъектілері шоғырланады. Аумағы 118 гектарды құрайтын жеке индустриялық аймақта 176 мың шаршы метр дайын өндірістік алаңдар, оның ішінде 64 мың шаршы метр қойма алаңдарын салу жоспарланған. Жалпы құны 30 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жоба аяқталған кезде 3 мың адамға жаңа жұмыс орны ашылады», – деді Абай ауданының әкімі Бұқарбай Парманов.
Сонымен қатар, «Стандарт» индустриалды аймағыда шағын және орта бизнес субъектілері шоғырландырылады. Заманауи қоймалар, шағын өндірістік цехтар ашылады. Айта кету керек, аймақта 180 млрд. теңгені құрайтын 30 жоба іске асып, онда кәсіпкерлер өз кәсібін дөңгелететін болады. Бизнес объектілерінің артуы – қаланың экономикасы мен жалпы қаржылық дамуына оң ықпал етеді. Қазіргі таңда Абай ауданында ірі және орта кәсіпорындар саны 33 құрап отыр.
Бұдан бөлек, брифинг барысында Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов аудан бойынша жеткен нәтижелі көрсеткіштерін, атқарылған жұмыстарымен, халық сұранысындағы ауыз су, көгілдір отыны,сондай-ақ жол мәселесенің шешімдері бойынша баяндама жасады.