ЕҢБЕКШІДЕ ГАЗДАНДЫРУ БОЙЫНША ЖОСПАРЛЫ ЖҰМЫС ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Шымкент қаласыдағы Еңбекші ауданын газдандыру жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде, деп хабарлайды Uakit.kz.
Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен Шымкент қаласы Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек 2022 жылдың 9 айында атқарылған жұмыстары бойынша бұқаралық ақпарат құралдарына өкілдеріне берген баспасөз брифингінде мәлімдеді.
Бүгінгі таңда ауданда табиғи газ жүйесімен қамту көрсеткіші мемлекеттік жүйеде 86,4% жекеменшік жүйедегі 4,3%-ды құрайды. Қамтылмаған 9,3%-ды мемлекеттік жүйемен қамту 2023-2025 жылдарға арналған жұмыс жоспарына енгізілген. Қазіргі уақытта 5 елді мекеннің жаңақұрылыс аймағындағы 3739 абонентке, яғни Қарабастау, Жұлдыз, Жалын, Қаратөбе, Оңтүстік елді мекендерінің жобалау-сметалық құжаттарын «Бірлестік» мердігер мекемесі әзірлеуде. Жалпы аудан бойынша 2025 жылдың қорытындысымен жаңақұрылыс аймақтарындағы 6149 абонентті табиғи газбен қамтып, көрсеткішті 100%-ға жеткізу жоспарланған.
Айта кету керек, Еңбекші ауданы жолдардың жағдайын жақсартуға бағытында бірқатар жұмыстар жүргізіліп, жол мәселесіне жылдан-жылға жақсы көңіл аударылып келеді. Мәселен былтырғы жылы 4 магистралдық жол және 53 қалаішілік көше асфальтталып жөнделсе, ағымдағы жылы жалпы 86,4 шақырымды құрайтын 132 көшеге жөндеу жұмыстары жоспарланған болатын: Оның ішінде, 131 көшеге асфальт қабаты төселіп, пайдалануға берілді, 1 көшені жөндеу жұмыстары басталғалы тұр.
Естеріңізде болса, Еңбекші ауданының әкімі Досбол Күздікбайұлы тұрғындармен есептік кездесуінде Еңбекші ауданының бюджеті 2017 жылдан бері 11 есеге ұлғайып, 17,5 млрд теңгеден 78,5 млрд теңгеге жеткенін хабарлаған болатын. Ауданның негізгі қаржы көздерінің бірі — ауыл шаруашылығы мен орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылады.