ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫ БОЙЫ ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ РЕЙДТЕР ӨТЕДІ
Жылыту маусымы басталды. Осыған орай ел аумағында жылыту маусымы бойы тұрғын үй секторында пештерді, электр жабдықтарын пайдалану, сондай-ақ газ жабдықтары мен баллондарды пайдалану және сақтау бойынша әдістемелік көмек көрсете отырып, профилактикалық рейдтер өткізу жоспарлануда,-деп хабарлайды uakit.kz Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Өз кезегінде аталған ведомства басшысы Юрий Ильин «Біз жеке тұрғын үй секторын жауапкершілікке тартпайтынымызды, өзімізді және отбасымызды өрттен және көміртегі тотығымен улану жазатайым оқиғаларынан қалай қорғауға болатыны туралы ұсыныстар беретінімізді атап өткім келеді. Ағымдағы жылдың 15 тамызынан бастап 3 мыңнан астам рейд жүргізілді. Нәтижесінде 5 мың тұрғын үйде өрт қауіпсіздігінің бұзылуы анықталды. Атап айтқанда қыздыру аспаптарының жанында жанғыш материалдарды сақтау, пештің үстінде заттарды кептіру және т.б жағдайлар. Оның ішінде 3 мың үйде бұзушылықтар орнында жойылды. Қалғандарына ұсыныстар берілді. Барлығы 50 мыңнан астам жеке үй профилактикамен қамтылған»,- деді.
Сонымен қатар, Министр ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап әкімдікпен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп 809 улы газды анықтайтын дабылқаққыш орнатылғанын хабарлады. Олар қауіп туралы алдын ала хабардар етеді және азаматтардың қаза болуына жол бермейді.
2021 жылы министрлік тұрғын үйлерде өрт дабылы және газдануды бақылау жүйелерімен міндетті жарақтандыруды заңнамалық түрде енгізді. Бұрын бұл нормалар тек ғимараттар, биіктігі 10 қабатты және одан да көп көппәтерлі тұрғын үйлер үшін қарастырылған болатын.
Осы ретте Түркістан қаласы бойынша жылыту маусымы кезінде өрттен және көміртегі тотығымен улану жазатайым оқиғаларынан қорғау бойынша қалалық Төтенше жағдайлар басқармасы 40 мыңға жуық абонентті аралап профилактикалық жұмыстар жүргізгенін айта кетейік.