ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ ШЫМКЕНТ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Ұлттық экономика министрі «Стандарт» индустриалды аймағында болып, ондағы жұмыс барысымен танысты, деп хабарлайды Uakit.kz.

Индустриялық аймақтың құрылысы 2022-2024 жж. мерзімі аралығында 3 кезеңде жоспарланған, инвесторлардың ақпараты бойынша өндірістік үй – жайлардың жалпы ауданы 2024 жылға қарай 176 мың шаршы метрді құрайды.

«Мемлекет басшысының Жолдауда айтқан жаңа экономикалық саясатының ең маңызды, басым бағыттарының бірі – шағын және орта бизнесті жан-жақты қолдау. Өйткені, осы кәсіпкерлер елдегі орта таптың негізін қалайды. Ал, орта тап өкілдерінің үлесі көп болса, еліміздің экономикасы қуатты болып, халықтың әл-ауқаты артып, тұрмыс сапасы жақсарады. Міне, осы тұрғыда Шымкент қаласы бұрыннан кәсіпкерлік белсенділігі жоғары қала. Енді шағын және орта бизнеске арналған индустриалды аймақтың ашылуы мен өзге де мемлекеттік қолдау шаралары қалада бизнестің дами түсуіне ықпал етеді», – деді Әлібек Сәкенұлы.

Шымкент қаласындағы бұрынғы қорғасын зауытының аумағында инвесторлардың есебінен «Стандарт» жеке индустриалды аймағы салынуда. Мұнда шағын және орта бизнес субъектілері шоғырланады. Аумағы 118 гектарды құрайтын жеке индустриялық аймақта 176 мың шаршы метр дайын өндірістік алаңдар, оның ішінде 64 мың шаршы метр қойма алаңдарын салу жоспарланған. Жалпы құны 30 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жоба аяқталған кезде 3 мың адамға жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.

Айта кету керек, сапары аясында министр халықаралық әуежайдың жаңа терминалының құрылысымен танысты. Бүгінгі таңда ғимараттың қаңқасын салу, қаптау және шатыр жұмыстары аяқталды, жабдықтардың көп бөлігі әкелінді. Жаңа терминал бір уақытта сағатына 3000 адамға қызмет көрсете алады. Сонымен қатар, Ә.Қуантыров үшінші мегаполистегі жұмыс сапары барысында жергілікті кәсіпкерлермен де жүздесті.