ШЫМКЕНТТЕ ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК ҚЫЗМЕТІНІҢ САПАСЫ ЖАҚСАРДЫ
Миллион халқы бар қалалардың негізгі мәселесі – жолаушылар тасымалын ұйымдастыру. Қала кеңейген сайын қоғамдық көлікпен қамту мәселесі күрделене түсері тағы белгілі. Ал бұл тұрғыдан келгенде еліміздегі үшінші мегаполис саналатын Шымкенттің адымы алымды. Бүгінде қоғамдық көліктерді жаңарту мен қызмет сапасын жақсарта түсу мақсатында қыруар іс қолға алынып, жүзеге асырылып келе жатыр. Нәтиже де жаман емес. Сапа жақсарған. Мұның жолаушылар жақсы біледі. Бүгінде қалаға қарасты шалғайда жатқан шағынаудандар мен елді мекендердің баршасына қоғамдық көлік қатынайды. Бұдан өзге жұмыстар да атқарылуда…
Шымкент қаласы бойынша бүгінгі таңда 1000 қоғамдық көлік бар. Оның ішінде 876 автобус жолаушыларды тасымалдап жүрсе, қалғаны резервте тұрады. Жалпы, шаһарда жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын 10 көлік компаниясы бар. Олар: «Shymkent-Bus», «T-Bus», «Автоимпульс», «MAN-Оңтүстік», «М и Р и Со», «ТТК», «Радуга транспорт», «Санжар-Моторс», «Абдуганиев» және «Автокомбинат №4». Қоғамдық көлік саласының қызметіне қатысты тұрғындар тарапынан өтініш жиі түсіп тұратыны жасырын емес. Осыған байланысты қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан биылғы сәуір айында бақылау жұмыс тобы құрылған болатын. Тұрғындар мен мамандардан құрылған арнайы топ жүргізушілер мен кондукторлардың мәдениетін, жол ақысын төлеудің заңдылығын, қоғамдық көліктердің тазалығын, автобустардың уақтылы жүруін қадағалайды.
Сонымен қатар, қала ішіндегі бағыттарда жүретін автобустарға қатысты күнделікті рейд жүргізіледі. Соның нәтижесінде жол жүру ережесін бұзудың 442 дерегі анықталып, тиісті шара қолданылды, дейді жауапты мамандар. Осылайша бүгінде қоғамдық көлік саласының қызметіне талап едәуір күшейтілген. Ал бұл, өз кезегінде, қызмет сапасының жақсаруына септігін тигізеді. Қоғамдық көліктердің қызмет сапасын арттыру ісі алдағы уақытта да жалғасын табады. Бұдан бөлек, қоғамдық көліктердің жаңа бағыттары қойылып, жолаушылар тасымалы ісі дами түспек. Қала берді, сапаны бақылау мақсатында түрлі бастамалар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Оның бірқатарын жоғарыда жазып өттік. Десе де миллионнан аса тұрғыны бар қалада аталған саланың мәселесі түгел шешілді дегеннен аулақпыз. Бастысы қолға алынған шаруалар өз нәтижесін беріп келе жатыр.