ТОҚТАП ТҰРҒАН КӘСІПОРЫНДАРДЫҢ ӨНДІРІСТІК АЛАҢДАРЫНДА ЖҰМЫС ЖАНДАНАДЫ

Шымкентте тоқтап тұрған кәсіпорындардың өндірістік алаңдарын шағын кәсіпорындармен толтыру арқылы шағын бизнестің жаңа жобалары жүзеге асырылады. Нәтижесінде бірнеше тоқтап тұрған кәсіпорындардың өндірістік алаңдары жанданады.

Өнеркәсіптік парктерде үш жыл ішінде жергілікті бюджет қаражаты есебінен шағын кәспорындардың жалдау ақысының шығындары өтеледі. 1-жылы 75%, 2-жылы 50%, 3-жылы 25%. Аталған бағыт шеңберінде қаламызда бірнеше жылдар бойы тоқтап тұрған ірі кәсіпорын «Трубмашхолдинг» ЖШС-нің базасында 2022 жылы алғашқы өндірістік парк ретінде «Silkway Alliance» алаңы пилоттық жоба ретінде іске асырылды. Аймақтың алаңы – 4,4 га, өндірістік алаңдарының аумағы – 3,5 мың шаршы метр толық инфрақұрылыммен қамтылған. Бүгінгі күні өндірістік паркте, инвестиция көлемі 1,05 млрд теңгені құрайтын 7 жоба іске асырылуда, 120 жұмыс орны құрылған. Жалдау ақысын өтеу бойынша бүгінгі күнде 13,0 млн теңгеге қолдау көрсетілген.

«Silkway Alliance» өндірістік паркі толуына байланысты, инфрақұрылымымен толық жабдықталған «Қайнар май» ЖШС тоқтап тұрған ірі кәсіпорының базасында тағы да жаңа өндірістік парктің дайындық жұмыстары жүргізілуде, аумағы 4,3 га, өндірістік алаңы – 10 500 шаршы метр. Аталған өндірістік паркте 48 шағын кәсіпорынды іске асыру жоспарлануда. Сонымен қатар қаламыздағы бұрынғы қорғасын зауытының аумағында шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында республикада алғашқы болып «Standard» жеке индустриялық аймағы құрылысы жоспарлануда. Іске асыру мерзімі 2022-2023 жылдары жоспарланған, дайын өндірісті парктер салуға жеке инвестиция көлемі 20 млрд теңге, өндірістік алаңдарының аумағы жалпы 176,7 мың шаршы метрді құрайды. Жобаны 3 кезеңмен іске асыру жоспарлануда. Нәтижесінде «Standard» жеке индустриялық аймағының аумағында шағын бизнестің 595 жобасы іске асырылады, инвестициялар сомасы 29,7 млрд теңгені құрайды, 3 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда.