ШЫМКЕНТ: ТОҒЫСТЫҚТАРҒА ЖЕДЕЛ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖӘРДЕМ КӨРСЕТІЛДІ
Шымкентте «Заң керуені» республикалық акциясы аясында кезекті кездесу Еңбекші ауданына қарасты Тоғыс елді мекенінде өтті, деп хабарлайды Uakit.kz.
Бүгін, 2022 жылдың 3 қарашасында Шымкент қаласы прокурорының орынбасары Мұхамеджан Бахтияр Мұхамеджанұлы бастаған заң керуені кестеге сәйкес жергілікті халыққа жедел құқықтық көмек көрсету мақсатында Еңбекші ауданы Тоғыс елді мекеніне ат басын бұрды.
Көшпелі топтың құрамындағы прокуратура, әкімдіктің, құқық қорғау органдарының және аумақтық мемлекеттік органдардың басшылары мен жауапты қызметкерлері кездесуге келген Тоғыс, Маятас, Елтай, Жыланбұзған, Айнатас елді мекен тұрғындарына тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы, оның ішінде көшелерді жарықтандыру, асфальттау, қосымша жол белгілерін қою мәселелерімен қатар, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, жер беру, табиғатты қорғау, кәмелетке толмағандардың бос уақытын қамтамасыз етуге қатысты толғандыратын мәселелер бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатқанын және алдағы жоспарланған іс-шаралар бойынша тиісті ақпараттар беруде.
Көз бояушылықты болдырмау мақсатында дереу сол жерде шешілмейтін мәселелер бойынша оларды егжей-тегжей қарау үшін тиісті уәкілетті органдардың өкілдерімен азаматтардан жазбаша өтініштері қабылдануда.
Көшпелі жұмыс тобының жұмысы таңғы сағат 09:00-ден кешкі 18:00-ге дейін және 4 қарашада Еңбекші ауданы, Қаратөбе елді мекенінде жалғасын табады. Құрметті қала тұрғындары мүмкіндікті жібермей белсенділік танытып «Заң керуені» акциясына қатысуды сұраймыз.
Айта кету керек, ҚР Бас Прокурорының бастамасымен 1 қараша күні «Заң керуені» акциясы басталып, өз жұмысын бастап кеткен болатын. Акцияның негізігі мақсаты- халыққа жедел құқықтық көмек көрсету, құқықтық мәдениеті арттыру, заңдарды түсіндіру, заңды құқықтарын іске асыруға мүмкіндігі жоқ әлеуметтік топтарды анықтау, өңірде қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті нығайту. Республикалық акциясы аясында құқықтық қызмет көрсету барысында өзекті мәселелердің шешімі бойынша заңнама шеңберінде тиісті кеңестер мен жауаптар алуға болады.