ТҮРКІСТАН: ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ СІБІР ЖАРАСЫ ТІРКЕЛМЕДІ
Түркістан қаласында жыл басынан бері сібір жарасы ауруы тіркелген жоқ.
Бұл туралы uakit.kz Түркістан қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына сілтеме жасап хабарлайды.
Басқарманың бөлім басшысы Раушан Қалдыбекованың сөзінше қалада сібір жарасын алдын үшін кешенді іс-шаралар жоспары жасалғанын, жоспар қала әкімімен бекітілгенін айтты. Аурудың туу қаупін тудыратын қолайсыз орындарда анықталған кемшіліктер бойынша қала әкіміне және ветеринариялық бөлімнің басшыларына басқарма тарапынан Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2021 жылдың 12 қарашасындағы №114 бұйрығына сәйкес хаттар жолданған.
Медициналық қызметкерлер арасында аурудын алдын алу жолдарын насихаттау мақсатында 35 семинар өткізілген. Шараға 195 дәрігер, 316 орта буын медицина қызметкерлері қатысқан. Қалада орналасқан ет, ет өнімдерін сату орындары және мал сою алаңдары бақылауда. Түркістан қаласы бойынша 2021 жылы сібір жарасына қарсы 106 адамға екпе салу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Вакцинация 100 адамға жүргізіліп, жоспар 94,3 пайызға орындалған.
Айта кетейік, Түркістан қаласында 4 сібір жарасы ауруының жерлеу орындары бар.
Сібір жарасы – жедел жұғатын жұқпалы ауру. Ауру дене қызуының көтерілуімен, лимфа жүйесінің зақымдалуымен және ағзаның ауыр түрде улануымен сипатталады. Сібір жарасы терілік, өте сирек жағдайда ішектік, өкпелік және сепсистік формада өтуі мүмкін.
Аурудың қоздырушысы – таяқша пішінді, қозғалмайтын, қоршаған ортада ондаған жылдарға дейін сақталатын аэробты бактерия. Бұл бактериялар адам мен жануарлардың ағзасынан тыс жерлерде споралар түзуге қабілетті және олар физикалық-химиялық әсерлерге өте төзімді.
Сібір жарасын адамдарға – үй жануарлары (ірі қара мал, қой, ешкі, түйе, шошқа) арқылы жұғады. Адамға аурудың жұғуы көбінесе жанасу арқылы (малды сою кезінде терісін түсіруде немесе мал терісін өңдеуде), бактерияның спораларымен ластанған тағамдар мен ауыз суын ішіп-жеуде және ластанған топырақты егістікте қолдануда жұғуы мүмкін. Ал ауру адамнан адамға жұқпайды.
Сібір жарасы жұққан кезде көбіне адамның тері жамылғысын зақымдайды. Сирек түрде ішкі мүшелерді де зақымдауы мүмкін. Індеттің инкубация кезеңінің ұзақтығы терілік формада бірнеше сағаттан 14 күнге дейін, сепсистік формада 6-8 күнді құрайды.
Қоздырғыш енген жерде ең әуелі диаметрі 1-2 см, қызыл-көкшіл түсті, ауырмайтын дақ пайда болады. Сол жер қышиды, ашиды. Бірнеше сағаттан кейін дақтың орнында мыстың түсіндей папула пайда болады. 12-24 сағаттан кейін іші серозды, соңынан қанды сұйықтыққа толы везикулаға айналады. Осы везикула жарылғаннан кейін, жиектері көтеріңкі, түбі қоңыр түсті жараға айналады. Осы кезден бастап оны карбункул деп атаймыз. Жараның айналасы қызарып, ісіп тұрады. 1-2 аптадан кейін карбункулдың ортасы қарайған тығыз, ауырмайтын некрозды қабыршаққа айналады. Осы қабыршақ айналасындағы қызарған терінің ортасындағы қара дақ, қызыл шоқтың ортасындағы көміртәрізді көрінеді. Оның айналасында сезімдалдық мүлде болмайды.
Лимфа түйіндерінің ұлғаюы болады. 2-3 аптаның соңына қарай қабыршақ түсіп, оның орны тыртықтанады. Карбункулдың ең көп ораналсатын жерлері – аяқ-қол, мойын және желке. Жергілікті қабыну процесі кезінде ағзаның жалпы улану белгілері болады. Әлсіздік, шаршағыштық, басының ауыруы, дене қызуы субфебрильдіден, 39-40ºС дейін көтеріледі.
Қоздырғыш асқазан ішек жолдары арқылы енген жағдайда сепсис болады. Терілік формада оның сепсиске ұласуы сирек кездеседі.
Адамда ауру 90-95% дейін терілік формада болады. Терілік форма 80% жағдайда жеңіл түрде, 20% ауыр түрде өтеді. Дер кезінде емделмеген немесе кеш емделген терілік түрде өлім ықтималы 5% дейін жетеді. Ішектік формада ауру ауыр уланумен, геморрагиялық энтероколитпен көрініс береді, үрдіс аз уақытта сепсиске ұласады. Өкпелік түрінде ауыр геморрагиялық плевропневмония дамиды. Өкпелік-ішектік формаларында өлім 80-100% дейін жетеді.
Аурудың бастапқы кезеңіндегі айтылған белгілер байқалған жағдайда науқас немесе оның жақындары оны міндетті түрде ауруханаға жеткізіп медициналық көмекке жүгіну қажет. Дәрігерге дер кезінде қаралғанда және арнайы емдеу шараларын жүргізгенде дерттен толығымен жазылып кетуге болады.
Сібір жарасын алдын алудың ең тиімді шарасы – жыл сайын ауруға қарсы егу жүргізу. Ауруға қарсы вакцинаны егу үй жануарлар мен ет комбинаттарында, мал шаруашылығында тұрақты жұмыс істейтіндерге, тері-жүн өңдеуге, тасымалдауға, сақтауға, сұрыптауға, илеуге қатысатын адамдарға егіледі. Адам ағзасында Сібір жарасына төтеп бере алу қасиеті егуден кейінгі 12-14 күнде пайда болады. Және ол жыл он екі ай сақталады. Егілген адамдар жұмысқа 2 аптадан соң ғана жіберіледі және жыл сайын екпе алып отырулары қажет. Екпе жүргізу ең тиімді әдіс болғандықтан, жануарлардың барлығын қамтуға тырысқан жөн.
Сонымен қатар осы аурудың жұқтырушы көзі ретінде үй жануарларын да бақылауда ұстау қажет. Бүгінгі күнде егу жұмыстары жануарларды жоспарлы тексеруден өткізу кезінде ветеринарлық мекемелерде тегін жүргізіледі. Үй жануарларының иелері малдарды екпеге қатыстырмау – дерттің кең етек жаюына негіз болатынын ескеруі тиіс. Егер Сібір жарасына қарсы вакцина егілгеннен кейін 10 күн ішінде жануар өліп қалса, оның терісін сыдыруға болмайды.
Ауру қоздырғыштары ағзадан тыс жерде тек ауаның әсерінен пайда болатынын ескере отырып, өлген жануардың терісін кесуге болмайды және өлексені аң-құстардың тасуына жол берілмеу керек. Себебі, мұның салдарынан жаңа ошақтар пайда болуы мүмкін. Өлген малды терісімен бірге өртеу немесе қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып арнайы орындар – мал көметін жерлерге өртеу үшін апару қажет. Ауру мал жатқан немесе сойылған орынға басқа жануарларды жіберуге және адамдардың сол жерде жұмыс істеуіне тыйым салынады.