ЖЕКЕ ҚҰРАМ ӨРТ ОҚИҒАСЫ БОЛҒАН ЖЕРГЕ ЖЕДЕЛ ЖЕТТІ

Ағымдағы жылдың 10-қазанында Түркістан қаласындағы И. Юлдашев көшесінде орналасқан жеке үйдің ауласындағы ауданы 25 шаршы метрді құрайтын моншадан өрт шықты,-деп хабарлайды  uakit.kz №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне сілтеме жасап.

Өрт оқиғасы туралы хабарлама сол күні сағат 15:58-де №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің кезекші пультіне келіп түседі. Хабарламада көрсетілген мекенжайға өрт сөндіру депосының жеке құрамы арнайы техникалармен сағат 16:05-те жетеді.

Жеке құрам оқиға орнына барған кезде тұрғын үйдің ауласында орналасқан монша толығымен жанған. Зардап шеккендер болмады. Қызыл жалын жан- жаққа шарпымас үшін өрт сөндірушілер жедел қимылдады. Нәтижесінде сағат 16:13-те өрттің беті қайтарылды. Сағат 16:29-де өрт толығымен ауыздықталды.

Бұл оқиғаға байланысты өрт сөндірушілер тұрғындарға үй-жайларда өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды ескертеді.

Жалпы моншада (саунада) өрт шығуының ең көп кездесетін себептерінің бірі – қызған ағаштан жанғыш газ бөлінудің физика-химиялық процесі. Моншадағы өрт қаупін тудыратын жер – бу бөлмесі. Онда ағаш та көп, ағаштардың қызуына температура да жеткілікті, ал бөлінген газ өзінен өзі жануға қабілетті.

Өрт туындайтын тағы да бір басты себеп – бу бөлмесін жарықтандыру үшін қолданатын электр жабдықтары, электр өткізгіштері мен электр пештерін монтаждау және қолдану ережелерінің бұзылуы.

Енді бір себеп – бу бөлмесіндегі пешті дұрыс орнатпау, яғни, пеш пен жанғыш негіз арасындағы ара қашықтықты сақтамау, ол ағаштың шамадан тыс қызуына, артынша жануына әкеп соғады.

Өрт қауіпті орынды таптық, өрттің туындауына негізгі шарттармен таныс болдық, енді өрт шығуға ең қауіпті уақытқа тоқталайық. Қауіптісі бу бөлмесіне кірер алдында оны жылыту кезеңі. Тұрғындар тарапынан бақылаудың төмендігі мен бөлме ауасын желдетудің төмендігі жанғыш газдың жиналуы мен оның өздігінен бақылаусыз жануына себепші болады.

Тұрғындардың қаперіне төмендегідей ережелерді қатаң сақтаулары талап етіледі:

– Моншаның тез жанғыш бөлшектерін мүмкіндігінше пеш пен түтіндіктен алшақ орналастырыңыз;

– Жерге түскен көмірден еденнің жану мүмкіндігін болдырмас үшін пештің есігінің алдына металды қаңылтыр қағыңыз.

– Пештің есігі мен қарсы беттегі қабырғаның ара қашықтығы 1,5 метрден кем болмауы тиіс.

– Пештің жарықтарын уақытылы бітеуге тырысыңыз.

– Түтіндік каналдардын мүмкіндігінше күйеден тазалап тұрыңыз.

Өрт қауіпсіздік ережелерін сақтау – өміріңіз бен денсаулығыңыздың, мүлкіңіздің амандығының кепілі екенін ұмытпаңыз.