ГАЗ ПЛИТАМЕН ҮЙ ЖЫЛЫТУҒА БОЛМАЙДЫ

107
0

Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы өткен жылыту маусымы кезінде өрт қауіпсіздігін сақтауды түсіндіру бойынша 26 мыңға жуық тұрғын үйді аралаған. Бұл жолғы жылыту маусымында 40 мыңға жуық үйді аралау жоспарланған.

Бұл туралы uakit.kz Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасына сілтеме жасап хабарлайды.

Айта кетейік, бүгінде қалада 40541 абонентке газ орнатылған. Оның ішінде 34031 абонент көгілдір отын қолданады.

Аралау жұмыстары кезінде өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша арнайы әзірленген жадынамалар таратылуда. Сонымен қатар басқарма инженерлері мен арнайы мамандар тұрғындарға газды қауіпсіз пайдалану бойынша  ескерту жасайды. Мәселен, «Түркістан қаласы газ инспекциясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі тұрғындарға газ құралдарының, мұржалардың және де желдеткіштердің жұмыстарын үнемі қадағалап отыруды түсіндіреді. Себебі өрт оқиғаларының көбі осы жәйттерге назар аудармаудан болады. Сонымен қатар газ құралдарын қосқан кезде түтіннің мұржа арқылы тартылуын тексеруде өрт қаупін алдын алатын маңызды міндет екенін еске салды. Сонымен қатар күздің қара суығында  жылыту құралы ретінде газ плитасын қосып қоюына жол бермеуі керек екенін атап өтті.

Ал «ҚазТрансгазАймақ» АҚ өңірлік филиалының өкілдері газ құралдарында ақау болғанда газ шаруашылығы мекемесінің қызметкерін шақыруды, газ беру күтпеген жағдайда тоқтап қалса, тез арада газ құралдарының кранын жауып, 104 телефоны арқылы апаттық газ қызметінің мамандарын шақыруды айтты.

Түсіндіру тобы тұрғындарға газды қолдану кезінде тиісті ережелерді ескермеу тек өздерін ғана емес, өзгелерге де қауіп төндіретінін алға тарта отырып, сақтық шараларын қатаң сақтауды ескертті.

Біле жүріңіз!

Газ ауамен қосылғанда жарылу және от қаупі бар. Газ толық жанбаған кезде, оның жанған өнімдерінен адам ағзасын улайтын иісті газ бөлінеді. Газ қолдану ережесін бұзу тек Сізді ғана емес, басқаларды да жапа шектіреді.