ЖЫЛУ МАУСЫМЫ: ҚАПЕРДЕ ҰСТАҢЫЗ…
Қыс мезгілі жақындап келеді. Күн де суыта бастады. Осындайда қала тұрғындарын бірінші болып үйдің жылуы мазалайтыны белгілі. Ал бұл тұрғыдан келгенде Шымкент қаласында атқарылған шаруа шаш-етектен. Яғни қажет шаралар дер кезінде қолға алынып, жылу берілді. Бүгінде аталған салада түйткілдер жоқ. Тарқата айтайық…
Шымкентте биылғы жылыту маусымы 20 қазаннан басталған болатын. Қазіргі кезде қаладағы 1987 көп қабатты тұрғын үй мен 484 бюджеттік мекеме жылыту жүйесіне толықтай қосылды. Барлығы «ҚуатЖылуОрталық-3» МКК тарапынан орталықтандырылған. Жылуды қосу жұмыстары кезінде мына жайттарды назарға алуға шақырамыз. ҚР Энергетика министрінің 2014 жылғы 18 желтоқсандағы бұйрығына сәйкес, «Қуатжылуорталық-3» МКК көппәтерлі үйдегі элеватор торабының бірінші фланеціне, яғни жертөлеге дейін жылумен қамтамасыз етуге жауапты. Ал ішкі коммуникациялар – тұрғындардың ортақ меншігі. Сондықтан тұтынушылар жылу жүйелерінің қауіпсіздігін сақтауға, пәтер ішіндегі жатық және тік құбырлардың ауасын шығаруға, жылу қарызын есептеп, оны өтеуге жауапты. Бұған салғырт қарамауларыңызды өтінеміз!
Жалпы жылу маусымына дайындық жұмыстары қала әкімінің тікелей бақылауында. Жуырда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың төрағалығымен қыс маусымына дайындық жұмыстары турасында жиын өткен болатын. Онда тиісті сала басшылары жылу маусымына дайындық жұмыстарын баяндады. Соңғы көрсеткіштерге сүйенсек, қазіргі уақытта үшінші мегаполисте 18 жылу қазандығы істеп тұр. Халыққа қажет көмір қоры да жеткілікті. Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Булатбековтың айтуынша, инфрақұрылым жүйелерінің жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Игілік, Жиделі және Сайрам тұрғын алаптарын сапалы электр қуатымен қамту жұмыстары, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ тарапынан газ қысымын өлшеу жұмыстары және «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС-на қарасты су құбырларын қайта жаңғырту жұмыстары толық орындалған.