Бақытжан Сағынтаев желіде жазба қалдырды
Бақытжан Сағынтаев Алматыны 720 күн басқарды. Бұл туралы экс-әкім Ғacebook- тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгін мен өз лауазымымды жаңа әкімге тапсырамын. Осыдан тура 720 күн бұрын Президент маған Алматы әкімдігін басқаруды сеніп тапсырды. Бұл үшін Мемлекет басшысына ризамын. Мен сіздермен үнемі бірге болдым. Қала өмірін жақсартуға бар күш-жігерімді арнадым.
Ұзақ мерзімді «Алматы-2050» стратегиясын қабылдап, қаланы дамытудың келешегін айқындадық. Президенттің «Шетсіз қала» қағидаты негізінде қалаға қосылған аудандардың түйткілді мәселелерін шешуге баса назар аударып, «Жаңа Алматы» кешенді бағдарламасын қабылдадық. Біз әлеуметтік мәселелерді шешу үшін Алматыны агломерация ретінде дамыту және облыстың қаламен шектесетін 4 ауданында жұмыс орындарын құру жұмысын күн тәртібіне қойдық. Денсаулық сақтау жүйесі нығайтылды. Бір жылдың ішінде ең заманауи жабдықтармен жабдықталған 3 жұқпалы аурулар ауруханасын іске қостық. Пандемия кезінде денсаулық сақтау жүйесіндегі дағдарысқа жол берілмеді»,- деп жазды ол. Сонымен қатар, ол мектептерді жедел салу бағдарламасы қолға алынғанын тілге тиек етті.
«Тек 2021 жылы 33 жаңа мектеп салынды. Бұл – мектептердегі орын тапшылығын азайтуға бағытталған түбегейлі қадам болды. Экологияны жақсарту үшін жүйелі екі шешім қабылданды: миллион ағаш отырғызу және екінші ЖЭО-ны газға ауыстыру. Менің әрбір жұмыс күнім сіздердің көз алдыларыңызда өтті. Өздеріңізбен әрдайым кездесіп, ақылдасып отырдық. Апта сайын Akimat Live тікелей эфиріне шықтым. Атқарылған шаралар туралы үнемі хабардар болдыңыздар. Бірге атқарылған жұмыс үшін алматылықтарға алғыс айтамын! Қаламызға және барша алматылықтарға бақытты ғұмыр тілеймін! Алматы мәңгі менің жүрегімде»,- деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев. Бүгін Мемлекет басшысының Жарлығымен Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев Алматы қаласының әкімі лауазымынан басқа жұмысқа ауысуына байланысты босатылды. Алматы әкімі болып Ерболат Досаев тағайындалды.