БАЛАЛАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛМАЙДЫ

42
0

Шымкенттің Әл-Фараби ауданында өткен «Сәуле» ықшам ауданы тұрғындарымен кездесу – жергілікті билік пен азаматтар арасындағы тікелей диалогтың тиімді үлгісі болды. Оған «AMANAT» партиясы Әл-Фараби аудандық филиалының төрайымы Наргиза Керимбаева, атқарушы хатшы Ердәулет Жүнісбек, аудан әкімдігінің қызметкерлері, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен мердігер ұйымдардың өкілдері қатысты.

Кездесу барысында ең өзекті мәселе ретінде Қонаев даңғылының ұзартылуына байланысты мектепке баратын жолдағы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайы көтерілді. Атап айтқанда, уақытша баспалдақ орнату қажеттігі тұрғындар тарапынан басты талап ретінде айтылды. Бұл мәселе бірінші кезектегі және шұғыл шешім қабылдауды қажет ететіні анық. Аудан әкімдігі мен жол саласына жауапты бөлімдер, сондай-ақ мердігер ұйым өкілдері мәселені назардан тыс қалдырмай, қажетті шараларды қолға алды. Жоспар бойынша, уақытша баспалдақ орнатумен қатар, жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында сай мен жөндеу жұмыстары жүріп жатқан аумақтар арнайы ескерту таспаларымен қоршалады. Қосымша жарықтандыру орнату арқылы жол қауіпсіздігі деңгейі арттырылмақ. Бұл оқиға «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іс жүзіндегі көрінісі болып отыр. Өйткені тұрғындар тарапынан көтерілген мәселе сол сәтте жауапты органдардың назарын аударып, нақты әрекетке ұласты. Мұндай жедел әрекет қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтады және азаматтардың пікірінің бағаланатынын дәлелдейді. Наргиза Керимбаева өз сөзінде «AMANAT» партиясының басты мақсаты халықтың мүддесін қорғау және уәдесінде тұру екенін атап өтті. Оның айтуынша, тұрғындардың қауіпсіздігі әрқашан бірінші орында. Бұл ұстаным партия жұмысының әлеуметтік бағытқа басымдық беретінін көрсетеді.

Мұндай кездесулердің тиімділігі – халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін мәселелерді дер кезінде анықтау және сол жерде шешу. Бұл форматта азаматтардың белсенді қатысуы да маңызды, себебі нақты ақпарат пен ұсыныстар тікелей солардан түседі. Ал билік өкілдерінің жедел жауап қайтаруы – тұжырымдаманың басты қағидасы. Сәуле ықшам ауданындағы бұл жағдай көрсеткендей, егер тұрғындар мен жергілікті билік ашық байланыс орнатса, кез келген мәселені қысқа мерзімде шешу мүмкін. Бұл – тек бір ауданның ғана емес, бүкіл қаладағы басқару мәдениетінің дамуына үлес қосатын тәжірибе.