ХАЛЫҚТЫ ҚАУІПТЕН ҚОРҒАУДЫҢ ЕҢ ТИІМДІ ТӘСІЛІ – ЭВАКУАЦИЯЛЫҚ ШАРАЛАР

Таяуда қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының ұйымдастыруымен Адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты білім беру мекемелерінің базасында  құрылған эвакуациялық жиналу пункттерінің басшыларымен «Эвакуациялық жиналу пункттерінің практикалық дайындықтарын пысықтау» және «Жер сілкінісі кезіндегі оқу-жаттығу» тақырыптарында семинар жиналыс өткізілді. Бұл шара туралы uakit.kz сұрақтарына Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкері Амир Амангельдинов жауап берді.

– Аталған  семинар жөнінде тарқатып айтсаңыз. Бұл шарада не айтылды? Оның мақсаты не?

– Негізінде табиғи сипаттағы төтенше жағдай орын алған кезде халықты қорғаудың үш тәсілі бар. Біріншісі, азаматтық қорғанысты қорғанушы құрылысында паналау, екіншісі халықты қауіпті аймақтардан эвакуациялау және оны қауіпсіз жерлерге орналастыру, үшіншісі жеке қорғану құралдарын және медициналық жеке қорғану құралдарын пайдалану арқылы қорғау. Бұл үш тәсілдің ең тиімдісі –  халықты қауіпті аймақтардан қауіпсіз аймақтарға көшіру. Яғни  эвакуациялық іс-шаралар.

Эвакуациялық іс-шараларды толыққанды қамту мақсатында Қазақстан Республикасының «Азаматтық қорғау туралы» Заңының 8-бабына сәйкес, эвакуациялық іс-шараларды ұйымдастыру мақсатында орталық және жергілікті атқарушы органдарда азаматтық қорғаныс бойынша санаттарға жатқызылған ұйымдарда эвакуациялық органдар құрылады. Эвакуациялық органдарға эвакуациялық комиссия, эвакуациялық қабылдау комиссиясы, эвакуациялық жинау пункттері, эвакуациялық қабылдау пункттері, эвакуациялық аралық пункттері және зардап шеккен халықтарды қабылдау пункттері жатады. Қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының ұйымдастыруымен қалалық Адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты білім беру мекемелерінің базасында  құрылған эвакуациялық жиналу пункттерінің басшыларымен «Эвакуациялық жиналу пункттерінің практикалық дайындықтарын пысықтау» және «Жер сілкінісі кезіндегі оқу-жаттығу» тақырыптарында өткен семинардың мақсаты  табиғи және техногенді апаттарға байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде осы эвакуациялық органдардың бір жүйеде жұмыс істеуін қамтамасыз ету болып табылады. Яғни, Түркістан қаласында орнадасқан барлық эвакуациялық жиналу пункттерінің қызметкерлерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оларға өздерінің міндеттері мен іс әрекеттерін түсіндіру болып табылады.

Эвакуациялық жиналу пункттері эвакуацияланған адамдарды жинауға және тіркеуге, оларды отырғызу пункттерінен бастап қозғалыс пункттеріне жөнелтуге арналған. Эвакуациялық жиналу пунктінің әкімшілігі алдын ала жергілікті атқарушы органдардың қаулыларымен тағайындалады. Эвакуациялық жиналу пункттері өз қызметінде эвакуациялық комиссияларға бағынады.

– Эвакуациялық жиналу пункті дегеніміз не? Ол қалай және қандай құралдармен жабдықталады?

– Табиғи және техногенді жағдай кезінде эвакуациялық жиналу пункттері қауіпті аймақта орналасқан халықты қауіпсіз аймаққа көшіру үшін жинап, тіркеп, оларды жөнелту үшін арналған пункт болып табылады.

– Түркістан қаласындағы қанша эвакуациялық жиналу пункті бар?

– Қазіргі таңда Түркістан қаласы әкімінің Қаулысына сәйкес қалада 34 жиналу пункті құрылған. Егер қала тұрғындарының саны көбейсе, эвакуациялық жиналу пункттерінің саны көбейеді.