ШЫМКЕНТТЕ 982 АДАМҒА «ҚАНДАС» МӘРТЕБЕСІ БЕРІЛГЕН

93
0

Тәуелсіздік алған уақыттан бері қаншама қандас ата жұртына оралды. Көш әлі де жалғасуда. Қазіргі уақытта зұлмат жылдары елден кетуге мәжбүр болған қандастарды қайтаруға мемлекет тарапынан бірқатар игі бастамалар көтеріліп, қолға алынуда. Соңғы статистикалық көрсеткіштерге сүйенсек, 2022 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша Шымкентте 703 отбасыға немесе 982 адамға «қандас» мәртебесі берілген.

Ал 6 айға кандас мәртебесін ұзартқандар саны 105 отбасыны немесе 122 адамды құрап отыр. Қандас мәртебесін алған 982 адамның 476-сы ер адам болса, 506 әйел адам. 18 жасқа дейінгі тұлғалар – 258 адам, еңбекке қабілетті жастағы адамдар – 634 адам, зейнеткерлік жастағы адамдар – 90 адамды құрайды. Қоныс аударған қандастар ТМД және шетелдерден көшіп келген этникалық қазақтардың басым бөлігі Өзбекстан Республикасынан келгендердің үлесінде. Өзбекстаннан келген – 951 адам, Ираннан – 2 адам, Ауғаныстаннан – 21 адам, Монголиядан – 1 адам, Түркиядан – 4 адам, Түркменстаннан – 1 адам, Тәжікстаннан – 1 адам, Қырғызстаннан – 1 адам. Қоныс аударған қандастардың басым бөлігі құрылыс саласында, сауда – саттықпен және басқада жалдамалы жұмыстармен айналысады. Шымкентте 2008 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы» жұмыс істейді. Орталықтың мақсаты – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қандастар мен олардың отбасыларына 6 ай бойы бейімдеу және кіріктіру бойынша қызметтер көрсету болып табылады. Бүгінгі таңда бейімдеу қызметін 9 отбасы алуда.

Айта кету керек, 2022 жылдың басынан бері 11 165 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алды. Ал 1991 жылдан бергі есеп бойынша Қазақстанға 1 млн 99 мың этникалық қазақ оралған. Биылдан бастап қандас мәртебесін eGov порталында онлайн алуға болады. Оған қоса, президент Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүейектегі ел халқына жасаған Жолдауында қандастардың көшіп келуіне және ішкі миграцияға қатысты саясат түбегейлі өзгеретінін айтты. Жергілікті атқарушы орган және Мемлекеттік корпорация этникалық қазақтарға және олардың отбасы мүшелеріне қандас мәртебесін беру туралы шешімді төрт жұмыс күні ішінде шығарады. Өтініш берушіге қандас куәлігін береді не қандас мәртебесін беруден дәлелді түрде бас тартады.  Өтініш берушінің ЖСН-і болса үш жұмыс күні ішінде шешім шығады. Бұл ретте eGov порталында өтініш берген кезде құжаттарды қабылдау күні мемлекеттік қызмет көрсету мерзіміне кірмейді.