ШЕТЕЛДІК ЖҰМЫС КҮШІН ТАРТУҒА 294 КВОТА БӨЛІНГЕН
Шымкент қаласына 2022 жылға жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін жұмысқа тартуға Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен 294 бірлік квота бөлінген.
Бүгінде бөлінген квота негізінде 21 кәсіпорын мен ұйымдарда 136 шетел азаматтарының рұқсаты қолданыста, 6768 Қазақстан Республикасының азаматтары жұмыс жасауда. Қазақстандықтарды қамту пайызы — 98 пайыз. Тартылып жатқан шетел жұмыс күшінің білікті мамандарының үлесі 94,1 пайыз. Шетел жұмыс күшін тартуға рұқсат бергені үшін және ұзартқаны үшін жыл басынан бері 57,4 млн теңге алым жергілікті бюджетке түсті. Шетелдік заңды тулғалар филиялдарының немесе өкілдерінің бірінші басшылары, сондай-ақ жарғылық капиталында шетелдік жүз пайыз қатысу үлесі бар Қазақстандық заңды тулғалардың бірінші басшылары мен оның орынбасарлары саны – 199 мекеме.
Жуырда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Қазақстанда шетелдік азаматтарды жұмысқа орналастыруды шектеу шараларын енгізу туралы сұрақтарға жауап берген болатын. «Біз ЕАЭО шартында көзделген халықаралық міндеттемелерімізді негізге аламыз. Біріншіден, бізде стратегиялық салалар бар, онда қазақстандық қызметкерлердің үлесі айқындалған. Егер бұл үлестен асып кетсе, біз осы салаларға жұмысқа қабылдауды тоқтатамыз. Салалар тізімін тиісті органдар анықтайды, сондықтан мен қайталаймын – қазір Ресейден де, басқа елдерден де келгендердің саны ұлттық еңбек нарығында ауыртпалық тудырмайды», — деді Тамара Дүйсенова Орталық коммуникациялар қызметінде. Ол елдегі шетелдік азаматтарды жұмысқа орналастыру бойынша қандай жағдайда шектеу шаралары енетінін айтты. «Кейіннен еңбекке қабілетті азаматтар санының артуы және олар қазақстандық қызметкерлердің үлесі бөлігінде біздің стратегиялық салаларымызға әсер етсе, онда шектеу шаралары қабылданады. Ең алдымен шетелдіктерге рұқсат беру тоқтатылады, ал ЕАЭО елдерінің азаматтары үшін – жұмысқа қабылдау уақытша тоқтатылады», — деп түсіндірді Т. Дүйсенова. Айта кету керек, шетел азаматтары Қазақстанға келген жағдайда, үш жұмыс күні ішінде көші-қон қызметін хабардар ету қажет. Электрондық-цифрлық қолтаңба болған жағдайда, визалық-көші-қон порталы арқылы, үйден шықпай-ақ тіркеуге болады. Сонымен қатар басқа мемлекет азаматының елімізде уақытша болу мерзімі асып кетіп, оны ұзартуға немесе ҚР шығуға шаралар қабылдамаған жағдайда, келушімен бірге қабылдаушы тарап та жауапкершілікке тартылады.