ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІККЕ ҚАТЫСТЫ МӘСЕЛЕ ШЕШІМІН ТАПТЫ

Мемлекет басшысының жарлығына сәйкес, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов әр тоқсан сайын халықпен тұрақты түрде кездесіп, тұрғындардың талап-тілектерін тыңдап келеді. Есеп беру кездесулерінде қозғалған барлық мәселелер бақылауға алынып, мүмкіндігінше жедел түрде шешіліп жатыр.

Мәселен, Қаратау ауданының тұрғындарымен кездесу барысында Бозарық тұрғын алабы мен саяжайына қатынайтын қоғамдық көліктердің мәселесі қозғалған болатын. Шаһар басшысы Мұрат Әйтенов аудан әкімдігі мен тиісті басқармаға қоғамдық көліктің бағытын әзірлеу барысында тұрғындардың талабын ескеру туралы нақты тапсырма берді. Бүгінде қала әкімінің бұл тапсырмасы толығымен орындалған. Тиісті мекемелер зерделеу жұмыстарын жүргізіп, 171 және 171А бағыттарында автобустардың жеткіліксіз екенін анықтаған. Нәтижесінде аталған бағыттардың әрқайсысына бір-бір автобустан қосылды. Қазір бұл бағыттағы қоғамдық көліктің қатынау жиілігі 18-20 минутты құрайды. Айта кету керек, әлеуметтік мәні бар қалалық нөмірі №55 және №149 бағыттағы қоғамдық көліктері 6 жаңа автобуспен толықты. Қыркүйек айынан бастап аталған бағыттағы жаңа автобустар жолаушыларды тасымалдау қызметіне кіріскен. №149 автобус маршрутына 4 бірлік қосылып, жалпы саны 10 автобусқа артты. Ал, №55 автобус маршрутына 2 бірлік қосылып, жалпы 8 автобус жүретін болады. Жаңалау жұмыстары жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен тасымалдаушы компаниялардың арасында түзілген келісімшарттар негізінде атқарылды. Жалпы бүгінде қала ішінде қатынайтын қоғамдық көліктер саны 1000-ға жуық. 78 тұрақты қалалық маршрут бойынша күнделікті маршруттарға 843 автобус шығады. Жекеменшік нысанындағы 10 компания жолаушыларды тасымалдау қызметін көрсетуде. Ал пайдалану мерзімі 3 жылға дейінгі автобустар саны 890 автобус немесе 89% құрайды.

Бұдан бөлек, үшінші мегаполисте биыл қалаішілік орталық көшелерге 178 аялдама павильонын орнату жоспарланған. Барлық аялдамалар Шымкент қаласының жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасына сәйкес орнатылады. Кешенді схеманы әзірлеудегі мақсат — елдімекендерді қоғамдық көлікпен толық қамтамасыз ету және қоғамдық көліктердің қозғалысын қала тұрғындарының жүріп-тұруына оңтайландыру. Жалпы, Шымкент қаласы бойынша 1886 аялдама орны бар. Оның ішінде 1336 аялдама павильоны болса, қалғанына аялдама белгілері орнатылған.