ҚАУІПСІЗДІК МӘСЕЛЕСІ БАСТЫ НАЗАРДА
Шымкент қаласына қарасты шалғайда жатқан елді мекендер мен шағынаудандарда орналасқан білім беру мекемелерінің жанында қауіпсіздікті сақтау бойынша бірқатар жұмыс атқарылды. Атап айтқанда Бозарық тұрғын алабы мен Бозарық саяжайында орналасқан білім беру мекемелерінің қасынан өтетін жолдың бойында Қаратау аудандық әкімдігі мен полиция департаментінің мамандары қауіпсіздік белгілерін, жылдамдық кедергісін орнатты, жаяу жүргіншілер жолағын сызды.
Ұлағат көшесінің бойындағы №57 мектептің алдынан ауыр жүк көліктерінің жүруіне тыйым салу мақсатында жол белгілері және жасанды жол кедергісі орнатылды. Сонымен қатар, Ұста-Мухамад, Бостандық көшелеріне 8 аялдама орнатылды. Қазіргі таңда тұрғын алабтағы орталық көшелермен ауыр жүк көліктерінің жүруіне тыйым салынған. Тиісті жол белгілері орнатылып, полиция қызметкерлері кезекшілік етуде. Жалпы биыл Шымкент қаласында биыл 450 шақырым көшенің жол таңбалары жаңартылып, сызылатын болады. Оның ішінде 250 шақырымы термопластиктен, ал қалған 200 шақырымы акрильді бояумен сызылады. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мұрындық болуымен қолға алынған істің нәтижесінде бірқатар көшелердің жол сызықтары жаңартылып жатыр. Жалпы көлік қозғалысында жол сызықтары қауіпсіздік қызметін атқарады. Сондықтан мұның күнделікті өмірдегі маңызы мен міндеті зор. Сондықтан аталған бағыттағы жүйелі жұмыстар жайы бақылауда. Сапасы қатаң тексеріледі. Талапқа жауап бере алмайтын жағдайлар болса, заң аясында шара көрілетінін де айта кету керек. Бұдан бөлек, жол белгілеріне де айрықша назар аударылып келе жатыр. Маңызды мекемелердің алдына аталған белгілерді қою бойынша нақты шаралар қолға алынып, жүзеге асырылды. Жылдамдықты бақылап, назар аудармаса, арты орны толмас қателікке ұрындыруы мүмкін. Сондықтан түсіндірме жұмыстары да қатар жүргізілуде.