ШАҺАР БАСШЫСЫ ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСТАРЫН ТЕКСЕРДІ
Шымкент қаласында жол жөндеу жұмыстары қарқынды, деп хабарлайды Uakit.kz.
Бүгін Шымкент қаласының әкімі шаһарға қарасты Өтеміс және Базарқақпа елдімекендеріне барып, жөндеуден өтіп жатқан жолдардың құрылыс сапасын тексерді. Қаратау ауданы аумағында орналасқан Өтеміс тұрғын алабында ағымдағы жылы ұзындығы 5,1 шақырымды қамтитын 4 көшеге орташа жөндеу жұмыстары атқарылды.
Бүгінде Өжен, Ақкөл және Мұрат көшелерінің құрылысы толығымен аяқталып, пайдалануға берілді. Ал ұзындығы 3,1 шақырым, ені 6 метрді құрайтын КХ-42 көшесінде жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда асфальт жабындысының 2-қабатын төсеу жұмыстары атқарылуда. Орташа жөндеу жұмыстары қараша айының соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.
«Сапаға жұмыс істеуіміз керек. Берілген ескертулерді дер кезінде жойып, қателікке қайта жол бермеу керек» деп, ескертті Мұрат Дүйсенбекұлы жауапты сала мамандары мен мердігер мекеме өкілдеріне.
Айта кету керек, Өтегенов көшесінің 1-кезеңі «Шымкент Сити» шағын ауданынан Сырым батыр көшесі аралығын қамтиды. Бүгінде жол құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Кезеңнің жалпы ұзындығы 970 шақырым, ені — 28 метр. Жолдың жүріс бөлігі 4 жолақты. Аталған нысан бойынша алдымен автомобиль жолына жер негізін жасау және тығыздау жұмыстары атқарылды. Қазіргі таңда, асфальт жабындысының 2-ші қабатын төсеу жұмыстары жүргізілді. Ал, Қаратау ауданы Сайрам тұрғын алабындағы Тиллаходжаев көшесінде асфальт жабындысының екінші қабатын төсеу жұмыстары толығымен аяқталды. Бұдан бөлек, Қайнарбұлақ тұрғын алабында да жол құрылыс жұмыстары кезең-кезеңмен өз шешімін тауып келеді.
Қала аумағында көлік жол жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Бүгінде қаламызда жөндеу жоспарланған 308 көшенің 270 көшесінде жұмыстар толығымен аяқталған.