ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІ  ЕРЕЖЕЛЕРІН САҚТАУ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ ТУДЫРМАЙДЫ

98
0

Ағымдағы жылдың 31-қаңтарында Түркістан қаласындағы Б. Саттарханов даңғылы бойындағы партия ғимаратында өрт оқиғасы орын алды.

Бұл туралы хабарлама сол күні Түркістан қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің кезекші диспетчеріне сағат 14:03-те түседі.

Хабарламаға сәйкес өрт сөндіру депосының жеке құрам қызметкерлері өрт сөндіру автокөліктерімен оқиға орнына жетеді. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткен кезде жалпы көлемі 306 шаршы метрді құрайтын екі қабатты ғимараттың жертөлесіндегі 2 шаршы метр қалқаны және электр сымдарының қысқа тұйықталуынан түтеп, бықсығаны анықталады. Оқиға өрт оқиғасына ұласпады. Орын алған оқиғадан зардап шеккендер болмады.

Оқиғаға байланысты өрт сөндірушілер ғимараттарда өрт қауіпсіздігі ережесін қатаң сақтауды ескертеді.

Адамдар уақытының көп бөлігін жұмыс орнында өткізетіні белгілі. Сондықтан да жұмысың екінші үйің деп айту тегін емес. Жұмыс орныңызда оқыс жағдайдың алдын алу үшін қарапайым ережелерді сақтаудың маңызы зор. Бұл сіздің, ұжымыңыздың, ең бастысы отбасыңыздың қайғылы жағдайға бетпе бет келуін алдын алады.

Көптеген адамдар жұмыс орнында уақытын  компьютер алдында өткізеді. Кей қызметкерлер жұмыстан кетерде жеке компьютерін сөндіруді ұмытып кетеді. Егер кеңседе 1 сағаттан көп болмасаңыз, компьютерді өшіріп кеткен дұрыс.

Жұмыста компьютерден бөлек, шәйнек, қысқатолқынды пеш, кофе қайнатқыш пайдаланылуы мүмкін. Сондай-ақ, кейбір кеңселер салқын болғандықтан, қызметкерлер қосымша жылытқыш құралдарды қосуға мәжбүр болады. Тіпті кей кісілер «таңертең бөлме іші жылып тұрсын» деген мақсатпен жылытқыш құралдарды алдын-ала қосып кетеді.

Электр құралдарын дәл осылай қараусыз қалдырып кету апатты жағдайдың орын алуына себепші болады.