ТҰРҒЫНДАР ӨТІНІШІ БОЙЫНША АЯҚЖОЛДАР САЛЫНДЫ
Шымкентте «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы негізінде қала тұрғындарының барлық сындарлы өтініш-тілектері жедел әрі тиімді қарастырылып, ауқымды жұмыстар атқарылуда, деп хабарлайды Uakit.kz.
Қала әкімі М.Әйтенов ағымдағы жылы тұрғындарды жеке қабылдап, түскен өтініштер бойынша тиісті басқармаларға тапсырма берген болатын. Осыған орай, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан аялдамалар, жол белгілері, аяқжолдар салынып,шағын аудандарға асфальт төселіп, шұңқырлады жамау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Соның бірі — Қаратау ауданы аумағындағы Көшеров көшесінің бойынан жаяу жүргіншілер жолы тұрғындардың өтінішін ескере отырып жасалды.
Сонымен қатар, қала аумағындағы Саяжол көшесіне, Көшеров көшесіне, К.Цеткин мен Қапал батыр көшелерін байланыстыратын Көлбаев көшесіне де жаяу жүргіншілер жолы салынды. Сондай-ақ, Шапағат-2 шағын ауданындағы мешітке қарай баратын атауы жоқ көшесіне, Хан тәңірі көшесі, Парасат көшесі, Жібек жолы көшесі, Набережная көшесі, Кенесарин көшесі және Гозахан көшесіне де жая жүргіншілер арналған жолдар бар.
Сондай-ақ, Қаратау ауданы Сайрам тұрғын алабындағы Тиллаходжаев көшесінде асфальт жабындысының екінші қабатын төсеу жұмыстары толығымен аяқталған болатын. Мамандар тарапынан құрылыс-монтаж жұмыстарына зерделеу жүргізіліп, кемшілік анықталмаған жағдайда жол пайдалануға беріледі. Ал Әл-Фараби ауданына қарасты Сапарбаев көшесін жөндеуден өткізу өтініші қала әкімінің тұрғындармен кезекті кездесуінде айтқан болатын. Нәтижесінде шаһар басшысының бекіткен іс-шара жоспарына енгізіліп, ұзындығы 450 метрге жуық Сапарбаев көшесінің тұйығына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Бүгінде қаламызда жөндеу жоспарланған 308 көшенің 247-сінде жұмыстар толығымен аяқталған. Ал, қалған 39 көшеде қазан айының соңына қарай жөндеу жұмыстары толық аяқталып, тұрғындар игілігіне пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.