КОНДОМИНИУМ НЫСАНДАРЫН БАСҚАРУ ЗАМАН ТАЛАБЫ
Бүгінгі таңда елімізде тұрғын үй саясатын жүргізуде халыққа тиімді жаңа реформалар енгізілді, деп хабарлайды Uakit.kz.
Олар: мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) немесе жәй серіктестік (ЖС) болып табылады. Мүлік иелерінің бірлестігінің басты қағидасы «Бір үй – Бір бірлестік» болып табылады. Көпқабатты тұрғын үйді мүлік иелерінің бірлестігі ретінде тіркеу үшін халыққа қызмет көрсету орталықтары (ЦОН) арқылы құжаттары тапсырылады. Меншік иелері көпқабатты тұрғын үйлерінде мүлік иелерінің бірлестігін (МИБ) құру мақсатында жалпы жиналыс өткізеді және жалпы жиналыс шешімімен меншік иелерінің құрамынан үй кеңесін үш жыл мерзімге ал мүлік иелері бірлестігінің төрағасын (төрайымды) бір жыл мерзімге сайлайды. Мүлік иелерінің бірлестігін (МИБ) Әділет басқармасында – заңды тұлға ретінде тіркеу қажет.
Жаңа қабылданған заңнаманың нормаларына сәйкес, әр үйде өз үйлерінің үй кеңестері болуы шарт. Оның құрамына үшеуден кем емес меншік иелері болуы тиіс. (құрамына үй төрайымы кірмейді). Үй кеңесінің басты міндеті – мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) немесе жәй серіктестіктің (ЖС) қызметіне бақылау жүргізу.
Үй кеңестері мүлік иелерінің бірлестігін (МИБ), Сенімді өкілді, басқарушы компаниялардың жұмыстарынан бөлек коммуналдық қызметтің сапасына, сервистік компаниялардың келісім шарттарындағы көрсетілген қызмет түрлерінің орындалуына, қаржы шығындарының жұмсалуына, үйлердің күтіп ұсталуына басқару органдарының есебінің берілуін қамтамасыз етілуіне мониторинг жұмыстарын жүргізеді. Үй кеңесінің шешімі кеңестің көпшілік дауысымен қабылданады. Сондай-ақ тиісті хаттамалары толтырылады.
Жәй серіктестік дегеніміз – меншік иелері жалпы жиналыс шешімімен араларынан сенімді өкілді таңдайды және таңдалған адам барлық меншік иелерінің берген сенімхаты негізінде әрекет етеді. Жәй серіктестіктің тағы бір айырмашылығы ол – заңды тұлға болып саналмайды.
Бұдан бөлек, меншік иелері үйді басқару функцияларын жалпы жиналыстың көпшілік дауысының шешімімен басқарушы компанияларға немесе көппәтерлі тұрғын үйлерді басқаратын меншік немесе тұрғын жай емес ғимараттың иесі болып табылмайтын жеке тұлғаларға беруге болады.
Басқарушы компаниялар бірнеше көпқабатты тұрғын үйлерге қызмет көрсете алады.