ЖОЛДАУ ЖҮКТЕГЕН МІНДЕТ КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҚОЛДАУ БОЛМАҚ

96
0

Елімізде, оның ішінде Шымкент қаласында шағын және орта бизнесті дамыту ісіне айрықша көңіл бөлініп отыр. Бүгінде кәсіп бастағысы келген азаматтарға арналған бірқатар мемлекеттік бағдарламалар бар. Сонымен қатар кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеруге арналған бағдарлама да жұмыс істейді. Саланы цифрландыру ісі де қарқын алып келеді. Атқарылған және қолға алынатын жұмыстардың мұнымен шектелмесі анық.

Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында шағын және орта бизнесті жүйелі әрі жан-жақты қолдау қажет екенін тілге тиек еткен болатын. Нақтырағы, бизнеске мемлекеттік қолдау көрсетуді жетілдіру, осы саладағы заңнамалық құжаттарды ретке келтіру, кәсіпкерлікті несиелендіру ресурстарының тапшылығын жою секілді түтйкілдердің түйінін ағытып, нақты тапсырмалар берді. Осының негізінде салада серпіліс болатыны анық. Ашып айтсақ, бизнес пен оған мемлекеттік қолдау көрсету саласындағы заңнама қарапайым, көпшілікке түсінікті етіп қайта жазылады. Бұл бизнесмендердің өз құқығын қорғауына, мемлекеттік қолдауды шараларын мейлінше тиімді пайдалануына жол ашады. Бұдан бөлек, мемлекеттен көмек алатын бизнес өкілдерін автоматты түрде анықтайтын жүйе іске қосылады. Қолдау инвестиция көлемі мен жалақы қорын арттырған компанияларға бірінші кезекте көрсетіледі. Ендігі жерде бизнесті несиелендіруге екінші деңгейлі банктер де атсалысады. Демек шағын және орта кәсіп иелері алдағы уақытта кәсібін дамыту мен кеңейту үшін екінші деңгейлі банктерден төмендетілген пайызбен несие алу мүмкіндігіне ие болуы бек мүмкін. Мұның Шымкент қаласында тіркелген 100 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісінің айналым қаражатын көбейтуіне, өндірістік қуаттарды арттыруына және жаңа жобаларды жүзеге асырып, дамуына жол ашады. Жалпы, Президенттің осы бастамаларының аясында алдағы 5 жылда Шымкент қаласының экономикасына 6 триллион теңге инвестиция тарту көзделуде. Жергілікті биліктің осынау ауқымды міндетті орындау бойынша нақты жоспары бар. Демек аталған жоспар негізінде бюджеттің бүйірі толса, екіншіден азаматтардың табысы да арта түспек. Яғни жаңа жұмыс орындарының ашылуы екі қолға бір күрек таппай жүрген азаматтарға айтарлықтай қолдау болады. Сәйкесінше, аталған жоспардың әлеуметтің әлеуетін көтеру ісіне де қосар үлесі жоғары. Қазіргі уақытта үшінші мегаполис аумағында индустриалды аймақтардың құрылысы жүріп жатыр. Мұның өзі инвесторлардың қаржы құюына сеп болары анық.