ИМПОРТТЫ АЛМАСТЫРАТЫН ОТАНДЫҚ ӨНІМДЕРДІ ҚОЛДАУ ЖАЛҒАСАДЫ

Республикалық қала мәртебесін алғанына аз ғана уақыт болған Шымкент қаласының бағындырған белесі көп. Үшінші мегаполис қабылданған шешімнің дұрыс болғанын сан түрлі салада жеткен жетістіктерімен дәлелдеп келеді. Бүгінде импорттық тауарларды алмастыратын отандық өнімдерді өндіру ісі аталған қалада қарқын алған. Жуырда қала әкімі Мұрат Әйтеновтың қатысуымен жиын өткен болатын. Онда жаңадан бой көтеретін жобалар таныстырылды. Қала экономикасына серпін берер бастамалар жайын тарқата жазайық…

Келесі жылы үшінші мегаполис аумағында жаңа кәсіпорынның құрылысы басталады. Жылына сексен мың тонна түйіршіктелген полипропилен өндіруге қауқарлы зауыттың ашылуымен 250 жұмыс орны құрылады. Жоба құны – 38 миллиард теңге. Жауапты басқарма басшылары, аудан әкімдері мен инвесторлар бас қосқан жиында шаһар басшысы үшінші мегаполистің импортқа тәуелділігін азайтып, экспортты көбейту бағытында инвестиция тартуды жалғастыра беретінін, сол арқылы жаңадан ашылған жұмыс орындарының қатары көптеп артанын жеткізді. Бұдан бөлек, жиын барысында 7 жобаның таныстырылымы өтті. Тарқатсақ, түркиялық «Stars Cosmetics» компаниясының басшысы Абдулхаким Мухаммадмуса қала аумағындағы «Оңтүстік» индустриалды аймағында сұйық сабын өндірісін қолға алуды көздейді. Кәсіпкер, аталған кәсіп арқылы жылына 3 мың тонна өнім алуға болатынын алға тартты. 1,5 миллиард теңгелік жоба жүзеге асса, 30 адам жұмыспен қамтылады. 2023 жылы жүзеге асырылатын жоба нәтижесінде 30 адам жұмыспен қамтылады. Ал Түркиялық «Milat Hali» ЖШС басшысы Искандер Каплан «Оңтүстік» индустриалды аймағынан 2,5 гектар жерге кілем өндіретін зауыт құрылысын салуды ұсынды. Жобаның жалпы құны 4,5 миллиард теңгені құрайтын бұл жоба жылына 5 млн кв/м кілем өндіруді көздейді. Аталған жоба арқылы жұмыссыз жүрген 100-ге жуық азамат тұрақты жұмыс табатын болады. «Элмехмонтаж» ЖШС басшысы Қанатбеков Ержан құрылысқа арналған газоблоктар шығаратын зауыттың жобасын ұсынды. Жылына 60 мың м3 блок шығаратын қуатты өндіріс ошағын «Жұлдыз» индустриалды аймағынан салуды жоспарлауда. Жобаның құны 500 миллион теңге болмақ. Нысан құрылысы 2023 жылы салынып, сәтті жүзеге асса 20 азамат жұмыспен қамтылатын болады. Штаб отырысында бұдан басқа құрамалы контейнер өндіретін, терезе рамаларын жасап шығаратын және сантехникалық мебельдер мен архитектуралық формалар өндіретін инвестициялық жобалар қаралды. Өз кезегінде, қала әкімі барлық жобалармен мұқият танысып, толық зерделеу мақсатында тиісті сала басшыларына тапсырма берді. Қорыта айтқанда, келер жылы үшінші мегаполис аумағында импорттық тауарларды алмастыратын бір емес бірнеше кәсіпорын құрылуы мүмкін.