ШЫМКЕНТТЕ «ЭТНО ШЫМКЕНТ» ФЕСТИВАЛІ ӨТУДЕ

86
0

Бүгін Шымкент қаласының туристік әлеуетін арттыру мақсатында «Этно Шымкент» фестивалі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Uakit.kz.
Қалалық Туризм және сыртқы байланыстар басқармасы, «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен «Shym Qala»» этно ауылында «Этно Шымкент» фестивалі өтті.
Фестиваль аясында алдымен «Ұлы Жібек жолы» керуені жүріп өтіп, «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі мен жергілікті өнерпаздар ұлттық нақыштағы әндерден шашу шашты. «Tary», «Jeti tandyr», «Bro Shashlyk», «MaxPLOV» — келушілерге ұлттық және шығыс тағамдары дайындалды. Одан өзге, ұлттық киімдер көрсетілімі, ұлттық тағамдардың әзірлену жолы көрсетілді. Қаланың жергілікті қолөнершілері, театр әртістері мен суретшілері де өз жұмыстарын ұсынып отыр.
Іс шараның мақсаты — қала тұрғындары мен қонақтарына тарихи деректерге сүйене отырып, «Жібек жолы» бойындағы көне Шымкент қаласының атмосферасын, тұрмыс-салтын көрсету.
Іс-шара барысында қолөнер, кәдесый бұйымдарын жасау, ұлттық тағамдар бойынша шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, кешкі уақытта от, барабан және лазерлік шоудың ұмытылмас қойылымы болады. Сондай-ақ «Тұран» этнофольклорлық ансамблінің концерттік бағдарламасын тамашалауға болады.
“Алдағы уақытта да қаламыздың терең тарихы мен мәдениетімізді ұштастыра көрсететін осындай игі шараларды дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл іс-шара арқылы біз қаламыздың танымалдылығын арттырып, әрі халыққа есте қаларлықтай әсер сыйлауды ниет етті”,— деді басқарма басшысы Е.Қыдыров.
Жалпы, бүгінде Шымкенттің тарихи, мәдени орындарына саяхаттау мақсатында түрлі туристік маршруттар әзірленіп, олар жайлы ақпарат беретін гид-экскурсоводтар қызметі ұйымдастырылған және туристік автобустар жолға қойылған.
Соңғы 9 айда экспресс көрсеткіш бойынша Шымкент қаласына 350 мыңға жуық адам турист келсе, оның 25 мыңнан астамы шетелдіктер. Ұйымдастырушылар осындай іс-шараларды көптеп ұйымдастырудың арқасында шаһарға келушілердің санын 400 мыңға жеткіземіз деп отыр.