ИНЖЕНЕРЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМ МӘСЕЛЕСІ ҚАШАН ШЕШІМІН ТАБАДЫ?
Шымкент қаласының республикалық қала мәртебесін алғанына көп бола қойған жоқ. Өз кезегінде, миллион халқы бар мегаполистің мәселелері де толық шешілген жоқ. Қазіргі уақытта қалаға қарасты шағынаудандар мен елді мекендерде инженерлік инфрақұрылым мәселелері шешімін тауып жатыр.
Бүгінде құрылыс жұмыстары қарқын алған. Осы тұста, үшінші мегаполис аумағындағы сапалы электр жарығы, ауыз су, көгілдір отын мен жол мәселелерін бір жылдың ішінде толықтай шешіп тастау мүмкін емесін айта кету керек. Оны шешу кезең-кезеңмен жүзеге асады. Десе де осы түйткілдер халыққа кеңінен түсіндірілуі тиіс. Түсіндіріліп те жатыр. Жуырда Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Булатбеков Достық пен Солтүстік саяжай шағынаудандарына барып, халықпен кездесті. Онда шағынаудан тұрғындары басқарма басшысына өздерін толғандырған сауалдарды қойып, жауаптарын алды. Жекелей тоқталар болсақ, қазіргі уақытта Достық мөлтек ауданының жаңақұрылыс аумағында жобаға енбеген 320 тұрғын үй бар. Әйткенмен аталған өңірдегі мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып келе жатыр. Атап айтсақ, өткен жылы тұрғындар сапалы ауыз сумен қамтылса, бүгінде электр желілерін тарту құрылысы аяқталуға таяды. Басқарма басшысы мердігер мекемеге құрылыс жұмысын ағымдағы жылдың 1 қарашасына дейін толық аяқтауды тапсырды. Содан кейін «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС тарапынан абоненттеу жұмысы жүргізілетін болады. Ал табиғи газбен қамту бойынша жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылысы 2023 жылы аяқталады. Тұрғындардың өтінішіне сәйкес, Достық мөлтек ауданындағы Гүлдер-ай көшесі жыл соңына дейін жарықтандырылатынын айта кету керек. Солтүстік саяжай шағынауданының мәселесіне келсек, тұрғындар қала әкімі Мұрат Әйтеновтың қабылдауында табиғи газ тарту түйткілін көтерген болатын. Енді басқарма басшысы тұрғындармен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндады. Оның сөзінше, Солтүстік саяжай елді мекенін табиғи газбен қамту құрылысы ағымдағы жылдың мамыр айында басталған. Жыл соңына дейін тұрғындар рет-ретімен көгілдір отынға қосылады. Бұдан бөлек, тұрғындардың өтініші негізінде жобадан тыс қосымша электр бағаналарын орнату жұмыстары да жүргізілуде.