ӘР БАЛАНЫҢ ДАМУЫНА ЖАҒДАЙ ЖАСАУ — БАСТЫ МІНДЕТ

76
0

Ерекше күтімді қажет ететін балаларға елімізде барынша жағдай жасалып келеді. Мәселен, жуырда үшінші мегаполисте «Ерекше балалары бар ата-аналар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің қалалық филиалы ашылды. Енді ерекше күтімді қажет ететін балалары бар ата-аналар «TEN QOGAM» орталығындағы бірлестікке тіркеле алады. Міне, осы арқылы жоғарыда аталған мекеменің қызметін алу мүмкіндігіне ие болмақ. Онда ата-аналарға түрлі кеңестер беріліп, мәселелерінің шешілуіне атсалысады.

Мекеменің ашылу салтанатына Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Айтбаев пен «Ерекше балалары бар ата-аналар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Р.Сағадиева қатысты. Сонымен қатар еліміздің 8 өңірінен келген бірлестік филиалдарының директорлары төбе көрсетті. Жиында сөз алған Рауана Сағадиева «Қазан айының екінші жексенбісі мүгедектер күніне орай біз орталығымыздың жаңа мекен-жайын таныстыруды жөн көрдік. Қоғамдық бірлестік мамыр айында ресми тіркеліп, өз жұмысын бастады. Бүгінде еліміздің 14 өңірінде бөлімшелер ашылып, ерекше балалар мен олардың ата-анасына көмек қолын созу мақсатында тынымсыз еңбек етіп келеміз. Ал Шымкент қаласындағы филиал шілде айында ресми тіркеліп, тамыз айынан бастап жұмыс істеп отыр. Қазақстанда түрлі мақсатта құрылған үкіметтік емес ұйымдар жетерлік. Алайда, ерекше баланың анасы ретінде ондай баланың және оған қарап отырған ата-ананың қоғамда түрлі кедергілерге кезігетіні белгілі. Біздің мақсатымыз — ерекше балаларды жас ерекшелігіне, диагнозына қарай бөлмей тіркеп, олардың оңалту, емдеу шараларына көмек беру. Сонымен қатар, ерекше балалардың басым көпшілігі толық отбасынан емес. Иә, баласының денсаулығына анасын кінәлап, айырылысып кетіп жататындар да жетерлік. Туған-туысының демеуінсіз, жұмыссыз, ерекше балаға қарап отырған анаға да жан-жақты қолдау қажет. Тағдырлас жандарды тәжірибе алмастырып, олардың өздерін ары қарай дамытуына жол ашпақпыз. Біздің орталық осы мәселелерді кешенді шешудің жолдарын қарастырып отыр» деп атап өтті.