САЛАДАҒЫ САПА БАҚЫЛАУДА

79
0

Елдің даму қарқынын үдететін бірден бір сала – білім. Сондықтан болар, әлем алпауыттарынан бастап, білімнің салтанат құруы үшін қыруар істі қолға алып жатыр. Ол қатарда еліміз де бар. Жасыратыны жоқ, саладағы мәселелер де аз емес. Солардың бірі – орын тапшылығы. Дегенмен бұл түйткілдің түйінін ағыту бағытында ешқандай шара көріліп жатқан жоқ деген жаңсақ пікірден аулақпыз. Елімізде, оның ішінде, Шымкент қаласында қолға алынған іс қыруар. Бүгінде қалада бірнеше білім ордасының құрылысы жүруде. Сапа бақылауда.

Мәселен, жуырда қала әкімі Мұрат Әйтенов қаладағы жүргізіліп жатқан білім ошақтарының құрылысымен танысты. Алдымен М.Х.Дулати атындағы №8 мамандандырылған мектеп-гимназиясының қосымша корпусының құрылысын тексерді. Заманауи талапқа сай бой көтеріп жатқан ғимарат мыңнан аса оқушыға арналған. Жобаға сәйкес, мұнда 250 орындық АКТ залы, спортзал,  кітапхана және 320 орындық асхана қарастырылған. Мұрат Дүйсенбекұлы құрылысы екі жыл бұрын басталған нысанды жаңа оқу жылы қарсаңында пайдалануға беруді тапсырды. Сондай-ақ қала әкімі жауаптылармен бірге № 45 мектеп-гимназиясының 300 орындық қосымша ғимаратының құрылысын да қадағалады. Ғимаратта оқу сыныптарынан бөлек, жаттығу және гимнастикалық сабақтарға арналған спорт залы қамтылған. Құрылыс алаңдарын аралаған Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға сапасыздыққа жол бермей, барлық нысандарды өндірістік кестеге сай қыркүйекке дейін қолданысқа беруді тапсырды.

Айта кету керек, соңғы жылдары үшінші мегаполисте білім ордаларының ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізу мен материалдық-техникалық базасын нығайту ісіне айрықша көңіл бөлініп келе жатыр. Күні бүгінге дейін қала аумағындағы бірнеше мектептің ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Бұдан бөлек, педагогтердің біліктілігін арттыру ісі де назардан тыс қалған емес. Осының арқасында шаһар оқушылары бірқатар республикалық және халықаралық білім додаларында топ жарып, жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Жалпы биыл 4 000 орынға арналған 30 балабақша іске қосылса, «Жайлы мектеп» жобасы аясында қуаттылығы 17 300 орынға арналған 12 мектептің құрылысы басталады. Мектептерді жаңа модификацияланған жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында 141 кабинет және 299 дана жабдықталған интерактивті панельдер алынып, заманауи мектеп кабинеттерін ашу үлесі 72%-дан 85%-ға артатын болады. Одан бөлек, мектептерді заманауи стандарттар бойынша жаңғыртуда 8 білім мекемесіне күрделі жөндеу, 21 мекемеге жобалық-сметалық құжаттары дайындалады.