КӘСІПКЕРЛІКТІҢ ДАМУЫ ӨҢІРДІҢ ГҮЛДЕНУІНЕ ТІКЕЛЕЙ ӘСЕР ЕТЕДІ
Экономиканың өркендеуі шағын және орта бизнеспен тікелей байланысты. Сондықтан елімізде аталған салаға серпін берер бастамалар жайы қашан да назардан тыс қалған емес. Өзін де, өзгені де жұмыспен қамтып, кәсібін дөңгелетіп жатқан жандардың қатары уақыт өткен сайын қалыңдап барады. Бұған мемлекеттік бағдарламалардың септігі тиіп жатқаны да белгілі.
Мәселен, Шымкентте мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге ауқымды қолдау көрсетіліп келе жатыр. Атап айтқанда, «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламаның арқасында 13,3 млрд теңге қарастырылып, бүгінде 4,1 млрд теңгеге 1830 жобаға қолдау көрсетілген. Бұл турасында қала әкімі Мұрат Әйтенов «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 74 жобаға 1,1 млрд теңге қолдау көрсетілді. Жергілікті «Іскер қала» бағдарламасы аясында 944 млн теңге бағытталып, бүгінде 183,4 млн. теңгеге 19 жоба қаржыландырылды» деп атап өтті. Шаһар басшысының сөзінше, кәсіпкерлердің жеңілдетілген несиеге қол жеткізуі үшін «Shymkent–Atameken» микроқаржы ұйымы арқылы кәсіпкерлерге 25 млн теңгеге дейін 6 пайыздық мөлшерлемемен несие беріледі. Жыл басынан бері 865,6 млн теңгеге 86 жобаға қолдау көрсетілген. Бұдан бөлек, қазіргі уақытта «Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest» бірыңғай орталығы жұмыс істеп жатыр. Онда 24 мыңнан астам кәсіпкерге бизнес-жоспарды әзірлеуден бастап, жобаны пайдалануға беруге дейінгі құжаттарға байланысты қолдау көрсетілген. Осының нәтижесінде кәсіпкерлік саланың тамырына қан жүгіріп, жаңа жұмыс орындары ашылып келе жатыр. Жалпы өңірде 2022-2026 жылдары жалпы құны 2,6 трлн теңгені құрайтын 20 мыңнан аса жаңа жұмыс орнымен 283 инвестициялық жобаның пулы жасақталған. Оның ішінде, биылғы жылдың соңына дейін 173,1 млрд теңгеге 50 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған»,-деді. Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарында аталған басқармаға белгіленген 6 нысаналы индикатордың есепті мерзімдегі қорытындысы бойынша, өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 590,4 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 8,1 пайызды құрап отыр. Мұнай-газ-химия өнімдерін өндіретін кәсіпорындар есепті кезеңде 43,5 мың тоннаны шығарды, бұл жылдық жоспардың 87 пайызын құрайды. Негізгі капиталға инвестицияларының 2019 жылдың сәйкес деңгейіне қарағанда өсім 226,8 пайызды құрайды. Ал «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды шағару бойынша жаңа өндірістер саны» көрсеткішін орындау мақсатында жыл соңына дейін 2 жобаны іске қосу жоспарланған. Экономикадағы орта кәсіпкерліктің үлесі ағымдағы жылдың 6 айында 8 пайызды құраған. Бұл индикатор бойынша статистикалық деректер тоқсан сайын жарияланады, бір тоқсан кешігіп жүреді. 2022 жылдың қаңтар-наурыз айларындағы көрсеткіш – 7,2 пайызды құрады.