ЖОҒАРЫ САПА — ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯЛАРЫНА ҚОЙЫЛАР БАСТЫ ТАЛАП

74
0

Шымкент қаласында жол құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жуырда үшінші мегаполистің әкімі Мұрат Әйтенов Өтегенов көшесінде жалғасып жатқан жол құрылысы жұмыстарын тексерді. Сапаға басты назар аударған шаһар басшысы нысанның мерзімінен кешіктірілмей тапсырылуын тиісті басқарма мен мердігер мекеме басшыларына ескертті.

Бүгінгі таңда жол құрылыс жұмыстары екі кезеңмен жүргізілуде. Атап айтатын болса, 1-кезең Өтегенов көшесі жалғасының құрылысы Шымкент Сити шағын ауданынан бастап Сырым батыр көшесі аралығын қамтитын болады. Осы жолдың жалпы ұзындығы 1205 шақырымды құраса, ені 28 метр болады. Ал, жолдың жүріс бөлігі төрт жолақты етіп жоспарланған. Қазіргі таңда, автомобиль жолына жер негізін жасау және тығыздау жұмыстары атқарылуда. Бұған қоса шағал тас төселіп, аяқжол салынып, ирригациялық арықтар да орнатылуда. Ал, Өтегенов көшесі жалғасының 2-кезең құрылысы Сырым батыр көшесі мен Төлеметов көшелерінің аралығы қамтып отыр. Оның жалпы ұзындығы 970 метр болса, ені 23,5 метрді құрап отыр. Автомобиль жолында төрт жолақты жүріс бөлігі қарастырылған. Қазіргі таңда бұл көшеде асфальт жабындысын төсеу жұмыстары және жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары жүргізілуде. Былтыр басталған құрылыс жұмыстары 2023 жылы толығымен аяқталады. Айта кету керек, Шымкент қаласының орталығы саналатын Әл-Фараби ауданында да жол құрлысы қарқынды жүргізілуде. Биыл 16,9 шақырымды құрайтын 30 көше орташа жөндеуден өткізілсе, 12,9 шақырымдық 33 көшеге шағал тас төселуде. Қазіргі таңда жұмыстың 80%-ға жуығы орындалды. Жалпы Шымкент қаласында алдағы жылдары қанағаттанарлық автомобиль жолдарының үлесі 80 пайызға артады. Бұл көрсеткішке жету үшін 2025 жылға дейінгі көлік инфрақұрылымын дамытудың кешенді жоспары бекітілген. Осының негізінде жалпы 563 жоба қарастырылған. Кешенді жоспар аясында биыл шаһарда 348 шақырым жол жөндеу жүргізіліп, жыл соңына дейін оның 271 шақырымнан астам жол пайдалануға беріледі. Қалған жолдың құрылысы келер жылға өтпелі.