ЕСКІ СУ ҚҰБЫРЛАРЫ ТОЛЫҚ АУЫСТЫРЫЛАДЫ

«Табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайларды мемлекеттік есепке алуды жүзеге асыру туралы қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің №175 бұйрығының 2-бөлімінде су беруді ажыратуға әкеп соққан жағдайлар техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды мемлекеттік есепке алу кезіндегі көрсеткіш болып табылатыны шегеленген. Оған жол бермес үшін су құбырларын жаңарту жұмыстарының рөлі зор.

Түркістан қаласында тұрғындарды ауыз сумен қамту бағытында бірқатар мәселе бар. Ол кейбір аумақтардағы құбырлардың тозығы жеткені. Сонау советтік кезеңде (1960-1970) жүргізілген ескі құбырларда ақаулар шығып, апатты жағдайлар жиі тіркеледі.  Ескі су жүйелерін жаңасына ауыстыру жұмысы 2023 жылы толық аяқталады. Нәтижесінде қала бойынша сапалы ауыз суға қол жеткізіп отырған абоненттердің саны 85 пайыздан 100 пайызға  жететін болады.

Бұл туралы Түркістан қаласы әкімдігінің инфрақұрылым және коммуникация бөлімінің басшысы Ерсейт Бұхарбаев мәлімдеді.

Оның сөзінше қалада ауыз су бойынша 38320 абонент бар. Бәрі тіршілік көзін су жүйелері арқылы тұтынып келеді.

Қазіргі таңда қала әкімдігінің осы бағытта бірнеше жоба-жоспары бар. Оның бірі ескі су жүйелерін жаңасына ауыстыру болса, екіншісі жаңадан қоныстанған елді мекендер мен шеткі айқтардағы жекеменшік тұрғын үйлерге тіршілік көзін жеткізу болып тұр. Осы бағытта бес нысанда тиісті құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Атап айтқанда, мақта зауыты аймағында, «Яссы», «Шауғар», «Ремзауыт» және І, ІІ мөлтекаудан аумағындағы ескі құбырларды алып, орнына жаңа су жүйелері жүруде.

Айта кетейік, Түркістан қаласы тұрғындары үшін ауыз су Кентау қаласындағы «Біресек су» кен орнынан 600 диаметрлік құбыр арқылы келеді.